Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жолың болсын, жас түлек!

15.06.2021

2659 0

Сыңғырла қоңырау, қош бол мектеп! Мектеппен осылай қоштасқан оқушылар ары қарай түлектер және талапкер болатыны белгілі.  Алтын ұяларынан алысқа қанат қаққан түлектерді алда жаңа өмір күтіп тұр. Өткен аптада    мектеп бітірушілерге аттестат тапсырылды. 11 жыл білім алған шәкірттер тарыдай етіп қабылдап, таудай етіп шығарған алтын ұяларымен қимай қоштасты. Айта кетейік, биыл қала бойынша 2254 түлек білім ұясын бітірді. Оның ішінде 180 оқушы алтын белгі иегері атынса, 192  түлек үздік аттестатқа лайық деп танылды.

Жолың болсын, жас түлек!

Жас түлектерді облыстық білім басқар­ма­сы­ның басшысы Ақзира Қасымова құт­тықтап, жылы лебізін білдірді.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, жыл сайын «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа иегер түлектеріміздің саны артуда. Соның бірі №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының бітіруші түлегі Жансая Бақытбек. Оның айтуынша, алға қойған негізгі мақсаты жоғары оқу орнына түсіп, өзі қалаған мамандықтың иесі атану.

– Алғаш қолыма қалам ұстатып, жазу-сызуды үйретіп, әріп танытқан ұстаздар еңбегін ұмытпаймын. Оларға деген риза­шы­лы­ғымыз шексіз. Мұғалімдердің бала­лығы­мызды кешіріп, дұрыс жолды таңдай білуге сіңірген еңбегі зор. Соңғы оқу жылының көбін онлайн өткіздік. Бар­лық қатарластарымды бү­гінгі ерекше күн­дерімен құттықтаймын, – дейді жас түлек.

Жолың болсын, жас түлек!

Ыбырай Алтынсарин «Жүрек­тің ба­тырлығын қажет ететін мамандықтың тізгінін ұстау – ерекше бақыт. Ұстаз мәртебесін иелену, шәкірт  жүрегінен орын табу – маң­дайға жазыла бермейтін бақ», – деген екен. Ажаркүл Даукиева білім мен тәрбиені қатар ұстап, өзі тәр­биелеп отырған шәкірттерінің жүрегінен таланты мен тектілігін тоғыстырған бақытты жан. «Ұстаздық ету – жәй ғана кәсіп емес, ешкімге бұйыра бермейтін ұлы – өнер». Бұл – ұлағат иелері жайлы айтқан Елбасының сөзі. Осындай қолдаудың арқасында, Ажаркүл Әбибуллақызы керек ұрпақ тәрбиесі жолында аянып қалған емес.

– Бұл күн – мектеп тарихында, бітіруші түлектердің есінде мәңгі өшпейтін күн. Өнері мен білімін өз бойларына өре білген еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар азаматтардың үлкен жолға қадам басар шағы. Болашаққа қанат қағатын бұл сәт – әрбір оқушы үшін ең бір қымбат, ең бір қимас күндер ретінде естерінде мәңгілік қалары сөзсіз. Біз оларға білім бердік, ҰБТ-ға дайындық. Енді міне, жаңа өмірге қадам басты. Жолдары ашық болсын, – дейді  №10 Ыбырай Алтынсарин атын­дағы мектеп-лицейінің ұстазы.

–. Осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын алғаш аттаған қызым оқуды тәмамдады. Сезім ерек­ше. Бүгін олар бір-бірімен, ұстаз­дары­мен, мектебімен қимас­тықпен қоштасады. Осы он бір жылдың адам өміріндегі маңызы ерекше. Үлкен өмірге қадам басады. Сыңғырлаған қоңыраудың үні соншалықты тәтті, соншалықты қимас үн болатынын тү­лектер алдағы уақытта сезінеді, – дейді ата-ана Жанар Молдабаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: