Қазіргі таңда кім көп, психолог көп. Байқап қарасақ, елімізде «ақыл сатқыш» тренерлер мен психологтардың жұмысына сұраныс көп. Расында, әр қазақ өзгенің ақылына зәру ме?
«Ең күшті қару – психологиялық қару»… Ал психологиялық тұрғыдан әлсіз адам үнемі күйзеліске түсуге бейім. Дегенмен адам күйзеліске түсіп, өзін-өзі жеңе алмағанда психологтың кеңесіне жүгінгені дұрыс. Өйткені психолог шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін бірден-бір маман иесі. «Сүрініп кетсең, қайта тұруға қақыңның бар» екеніне дұрыс бағыт сілтейтін де – сол «жан әлеміне саяхат» жасаушылар екені рас. Бүгінде сұранысқа ие психологияның дамуына зерттеу жасағанды жөн көрдік.
Психология ғылымы сонау орта ғасырдан бастау алатын, қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама-ойшылдар әл-Фараби, Жүсіп Баласағұнидың психологиялық мұраларында, төңкеріске дейінгі кезеңдегі қазақ ағартушылары Абай, Шоқан, Ыбырай, Шәкәрімнің психологиялық ілімдерінде, 20-ғасырдың бас кезіндегі Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов еңбектерінде негізі қаланды.
Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы ел астанасы Қызылордадан басылып шыққан «Психология» кітабы мен Мәскеуде сол жылы Күншығыс елдерінің баспаханасынан жарық көрген «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты ғылыми кітабы талай ұрпақтың ғылыми сауатын ашып, теориялық һәм практикалық зор міндет атқарды. Ана тіліміздегі психология пәнінің терминдерін қалыптастыруда көшбасшылық, жетекшілік ролі, педагогика саласында да Жүсіпбек ерен білгірлік танытқан. Бұл еңбек қазақ тілінде жазылған, қанша уақыт өтсе де, өзінің құндылығын жоймаған тұңғыш оқулық екендігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Бұл оқулық – мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына арналған оқу құралы. Біз Жүсіпбек жазған психология әлеміне үңілгенді жөн көрдік.
Жүсіпбек Аймауытов қарапайым адамға жұмбақ сияқты көрінетін психикалық құбылыстардың себептерімен, сырларымен таныстыра отырып, соған қарапайым тілмен жауап беруге ұмтылады. Еңбекте психология ғылымы, оның тарихынан хабардар етеді.
Жүсіпбек Аймауытовтың бұл кітабының екінші, үшінші тараулары жеке тұлғаның психикалық ерекшеліктері мен мінез-құлқын зерттеу әдістері туралы, жүйке жүйесінің құрылымы, оның заңдылықтарына сипаттама береді. Сол сияқты шартты рефлекстер, организмнің тітіркенгіштік, сезгіштік қасиеттері туралы айтылады.
«Денедегі кейбір мүшелер, оның қызметтері» және «Эмоция және сезім» атты төртінші және бесінші тарауларында психикалық үрдістердің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері мен эмоция, сезім, көңіл-күйге талдау жасалады. Сонымен қатар оқулықта таным үрдістеріне сипаттама беріледі, олардың заңдылықтары мен қасиеттеріне тоқталады.
Қазіргі уақытта психолог мамандардың инстаграм парақшасын немесе кітаптарын ашып қарасаң, адамға ең алдымен өзін дамытуға кеңес береді. Өзін дамыту, өзін жетілдіру арқылы өзгеге өнеге болатынын адамның өзі өзгергенде ғана жанындағы адамдар өзгеретінін айтып жатады. Мұндай зерттеу Жүсіпбек жазған психологиядан бастау алатынына көз жүгірттік. Демек, кейде ақылы психолог курсына жазылғаннан гөрі, «Психология» кітабын әрбір адам оқыса, біраз ақыл-кеңес пайдасына жарары анық.
«Ескі психология мамандары психологияның негізі өзін бақылау деп санаған» деп жазады Жүсіпбек Аймауытов. Өзін бақылаумен әуестенудің тамшыдай болса да шындығы бар. Мәнісі былай: Адамның қылығына тиісті – ішкі қозғалыс, мысалы, осылай аталып кеткен. Ішкі тіліміз сырттан бақылауға көніңкіремейді. «Көніңкіремейді» дейтін себебіміз, ол қозғалыстардың тұп-тура сыртқы қозғалыспен байланысы болу салдарынан жарым-жартылай болса да оларды біле аламыз. Қан жүрісінің өзгеруі бетке шығады, «ішкі тіліміз» сөз боп сыртқа шығады. Кісінің айтқанын бұрынғы оның өзі туралы айтқан сөзімен мүмкін болғанша байланыстыруға болады, сыртқы мүшелердің болар-болмас қозғалысының өзі қырағы бақылаушыға ішкі мүшелерінің қозғалысын ашып береді. Қалай дегенмен, мұның бәрі де қиын мәселелер екенін айтып өтеді жазушы. Сол арқылы адамның өзін-өзі дамытуға назар аудару қажет екендігін айтып тұрғандай.
«Психология – терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән, – деп жазады Жүсіпбек. Жазушының сөзіне сүйенсек, «Өзге білімдер затшылдыққа табан тіресе де, психология әлі тіреп, аяғын нық басқан жоқ. Қарапайым адамға жұмбақ сықылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады. Себептері, сырлары айқындалады. Бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге болса да керек-ті. Бұл кітапты алдымен бала оқытушыларға ұсынады. Онда көбінесе бала тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталады.
Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды. Ж.Аймауытов өнегелі ортадан бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.
Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді.
Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады, – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.
Баланың жасындағы икемдігі сыртқа шығуға ақылға сыймайтын ырымшылдық бөгет қылады. «Жер қазба, қора соқпа, жаман сұмдықты бастама» деп кейбіреулер баланы ойыннан тыяды. «Қара құлақ ойнаса» қасқыр келеді деп сұмдық көреді. Әуелі асық ойнағанды әуейілік деп тыятындар бар. Мұның бәрі баланың еліктегіштігінен, іске икемділігінен туады, үлкен кісі не істесе, бала да соны істеймін деп талпынады. Балаға «жер қаздырмаймын», «қара құлақ» ойнатпаймын десе, үлкендер құдық қазып мал суаруды, қасқырдан мал күзетуді қою керек. Әйтпесе баланы тыю жол емес, асық ойнаудың сан, есеп үйренуге, денесі оңтайлы болуға, ұйымдасуға, қоғамдық, әділдік сезімін күшейтуге зор пайдасы барын білген әке-шеше еш уақытта ойыннан тыймас еді.
Ж.Аймауытов «адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.
«Адамның өзін тану, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе, жастардың басында: олар тәжірибесіз, көңілді, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары сан тарау. Жастар тоқсан жолдың торабында, қай жолға түсерін білмей, дағдарды. Егер жазатайым теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» деп жазады кітапта.
Ж.Аймауытов «тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу» деген қағиданы қуаттай келіп, «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» – дейді.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабын зерттеушілер оның құнды және ұрпаққа мол мұра болып қалатын дүние қалдырғанын зерттеп жазады.
ҚР Журналистер одағының мүшесі Сымбат Мүталапханқызы Жүсіпбек жазған еңбектің құндылығына ерекше тоқталады. «Қазіргі кезде психология саласында жазылған том-том еңбектер кітап дүкендерінде де, кітапхана сөрелерінде де толып тұр. Оның көпшілігін оқуға, зерделеуге мүмкіндік болғанымен, этникалық ерекшеліктерімізге қайшы келетін тұстары өте көп. Десек те, байыбына бармай қабылдай салу, еліктеу арқылы қарекет қылудың салдары кері әсерін беріп жатқандығы тұрмыста да, қоғамда да байқалады. Зұлмат заманда қазақ зиялыларының ең алғашқыларының қатарында құрбан болған Ж.Аймауытовтың еңбектерін немқұрайлы, жай ғана оқи салу мүмкін емес. Оқыған сайын өз болмыс қарекетіңді саралауға, дұрыс-бұрыс жақтарды өлшеуге, ой түюге жетелейді. Жүсіпбек Аймауытұлы ұлтының тілін, рухын, мәдениетін, беделін көтеретін жолды ғылыммен, өнермен ұштастыра іздеді, қазаққа икемдеп «ПСИҚОЛОҒИЯ» атты САҢЫЛАУ қалдырды…» деп жазады ол.
Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова да Жүсіпбек Аймауытов шығармаларын зерттеушілердің бірі. «Ж.Аймауытұлы – қазақтың психологиялық прозасын қалыптастырушы жазушы, ақын. Психология, педагогика, оқу әдістемесі деген мамандықтың басында тұрған ғалым. Жүсіпбектің мықты психолог маман екені «Ақбілек» романында ерекшеленеді. Ақбілектің көрген азабын, толғақ қысқан кездегі жан қиналысын, ер адам бола тұра өз жүрегімен сезініп жазғанына таңғалмасқа шараң жоқ. Мен осы роман жайлы Мәскеуде лекция оқығанда дәл осы сюжеттерді қалай жеткізерімді білмедім. Ресей жазушылары өте жоғары баға берді, – деп жазады ол.
Жүсіпбек Аймауытовтың психологиялық еңбектері жайлы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ. Жарықбаев көп зерттеген. «Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлемді дүниесі айрықша айтуға тұрарлық. Өйткені бұл түркі тілдес халықтар тіліндегі сол кездегі бірден-бір туынды. Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, түрікпен, қырғыз, башқұрт т.б тілдерде мұндай еңбектердің болмағанын ескерсек, осы басылымның бағасы ерекше арта түседі.
Оның зерттеулеріне сүйенсек, Жүсіпбек жаңа тұрмыс құруға белсене кіріскен қазақ жастарына егін салуды үйрен, отырықшы бол, денсаулығыңды күт, шаруа тұрмысыңды түзет, газет, кітап оқуға әдеттен, қысқасы, мәдениетті адам болу, алуан өнерді білетін кісі болуға тырыс дейді. «Әлеумет тұрмысы оңалу үшін, онымен бірге, әр адамның тұрмысын түзету үшін – әр адам қолынан келерлік, пайда берерлік іс істеу керек. Әр адам өз жолымен жүре алмай бөтен жолға түссе, оның бар таланты жарыққа шыға алмай жерде көміледі. Ондай адам өмірге разы да болмайды.
Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты зерттеу еңбегі «Психология» кітабымен бір жылда жарық көрген. Аталған кітапта жазушы әлеумет пен мемлекеттің бас тетігі – адамды қалайша қоғамға пайдалы азамат етіп шығаруға болатыны жөнінде ойланып-толғанған. Бұл еңбекте зерттеуші психологиядағы өміршең әдіс-сауалнама қою арқылы адамның болмыс-бітімі мен қалайтын ісін, таңдайтын кәсібін, келешегін анықтауға болатынын дәлелдеген.
Адамның мамандықты дұрыс таңдауы әлеуметке мол септігін тигізетінін айта келіп, автор: «Өмір бойы өз жолына түсе алмаған адам бір пұшайман сорлы жан-дағы. Өз жолында қызмет ету – ырыстың басы» – дейді.
Автор жан жүйесі ғылымына бірнеше жаңадан пән сөздерін (психология терминдерін) енгізген. Айталық, сынағыш, сыршыл, немесе жан тамыршысы, күйгелек, ыстық қанды, аяныш жанды, қызбалы, құмартпалы, сары уайымшыл, жан талдау т.б.
Ж.Аймауытовтың жан жүйесі жөніндегі еңбектерінің маңызын профессор Құбығұл Жарықбаев: «Аймауытұлының «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты еңбектері төл тілімізде алғаш жарық көрген дүниелер болумен қатар, бұлар түркі тектес халықтар тілдерінде бірден-бір жарық көрген басылымдар» – деп бағалайды.
Қазіргі таңда қазақ баласының психологиясын орыс, батыс психологиясы жаулап алған. Оған кінәлі – теледидар, интернет, басқа да ақпарат құралдары. Жастар ана тіліндегі газет-журналдарды, көркем әдебиеттерді оқымайды. Бұл, әрине, өзімізге келіп тірелетін мәселе. Себебі психологиялық кітаптардың көбісі орыс тіліне АҚШ және Батыс психологтарының еңбектерінен аударылған, қазақ рухынан алшақ жатқан дүниелер.
Сөзімізді қорытындылай келсек, «қазіргі таңда ұлттық психология қажет пе?» деген мәселе айтылып жүр. Ал ұлттық психология әр ұлт пен ұлыстың тек өзіне ғана тән тыныс-тіршілігінен туындайтын тіл, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діннің психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін ғылым. Ұлттық психология – этнопсихологияның зерттейтін басты проблемасы. Бұған ұлттық мінез, ұлттық сезім, ұлттық тіл, ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш, ұлттық рух, ұлттық тұрпат секілді ұлттық құндылықтар кіреді. Ұлттық психологиясыз ұлт болмайды. Ал ұлттық психологияны дамытамыз десек, қазақ психологтарына ғылыми зерттеуде де, шәкірт дайындауда да Жүсіпбек Аймауытов тамаша үлгі. Олай болса, оның қалдырған психологиялық мұрасына үнемі зер салып отырған дұрыс.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!