2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 11 нозологияны қамтитын әлеуметтік мәні бар аурулардың жаңартылған тізбесі күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдыралиева мәлімдеді.
Оған алғаш рет инсульт салдарынан болған эпилепсия және цереброваскулярлық аурулар енгізілді (1 жыл бойы). Бұл медициналық оңалтудың ерте басталуын және пациенттерді бақылаудың үздіксіздігін қамтамасыз етеді, бұл емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Бір мезгілде төрт ауру: балалардың церебральды сал ауруы (БЦА), ревматизм, дәнекер тінінің жүйелі зақымдануы және қант диабеті – динамикалық бақылауға жататын аурулар тізбесіне ауыстырылды және МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады, – деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Медициналық көмектің көлемі қысқармайды
Айтуынша, бұл ауруларды МӘМС жүйесіне көшіру – медициналық көмектің қолжетімділігі мен көлеміне әсер етпейтін әкімшілік шара.
Көмектің барлық түрлері: диагностика, емдеу, динамикалық бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық оңалту толық көлемде сақталады. Қаржыландыру көзі ғана өзгереді, бұл ретте мемлекеттік кепілдіктер деңгейі өзгеріссіз қалады.
Біз көмек көлемін қысқартпаймыз, біз жүйені тұрақты, әділ және қолжетімді етеміз. Созылмалы аурулары бар барлық пациенттер емдеуді, дәрі-дәрмектерді және оңалтуды толық көлемде алуды жалғастырады, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Церебралды сал ауруы мен қант диабетіне шалдыққан пациенттерге кепілдік сақталады
Бүгінгі таңда Қазақстанда церебральды сал ауруымен ауыратын 27 932 пациент тіркелген, оның 99%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
Церебральды сал ауруы бар пациенттердің көпшілігінде мүгедектік тобы болғандықтан, олар үшін сақтандыру сыйлықақыларын мемлекет төлейді, бұл медициналық көмектің үздіксіздігіне кепілдік береді.
Ауруы бойынша қант диабеті:
- Медициналық көмектің көлемі сақталады – диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, бақылау, тәулік бойы және күндізгі стационарлар, медициналық оңалту;
- Диспансерлік пациенттердің 92%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған;
- 1 типтік ҚД бар пациенттер мен 18 жасқа дейінгі балалар заманауи инсулиндермен және помпалық терапиямен қамтамасыз етіледі;
- Аурудың асқынған түрлерімен мемлекет емдеу шығыстарын толығымен жабады.
Мемлекет қандай кепілдік береді?
Ресми жұмыспен қамтылмаған азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекеттік сақтандыру тетігі көзделген.
Осылайша, мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 1 млн-нан астам қазақстандықты сақтандыруға кепілдік береді.
Бұл МӘМС шеңберінде медициналық көмектің барлық түрлеріне, оның ішінде қымбат диагностикалық және оңалту қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біз бұл мәселелердің әлеуметтік сезімталдығын түсінеміз. Мемлекет ең осал азаматтарды қорғау бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Сақтандырылғандардың барлығына медициналық көмек тегін және қолжетімді болып қалады, – деп атап өтті Әсел Қыдыралиева.
Ана мен балаға қамқорлық
Реформалардың маңызды бөлігі – ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін нығайту.
Қазақстанда алғаш рет МСАК ұйымдарында ерте даму және араласу орталықтары жұмысын бастады;
Әйелдер мен жасөспірімдерді кешенді сүйемелдеу үшін әйелдер консультацияларына пациенттерді қабылдау қайта басталды;
«Неонатология» және «Акушерлік және гинекология» бейіндері бойынша тарифтер 10-13%-ға көтерілді, бұл сәбилер өлімін төмендетуге мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы аурулары бар барлық пациенттер емделуді және дәрі-дәрмектерді бұрынғы көлемде қабылдауды жалғастырады деп сендіреді. Өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін әділ, тұрақты және барлығына қолжетімді етуге бағытталған.
- Медициналық көмектің кепілдігі сақталады: бірде-бір пациент емделусіз қалмайды.
- Қызметтердің көлемі мен сапасы қысқармайды, тек қаржыландыру көзі ғана өзгереді.
- Балалар, мүгедектер, жұмыссыздар және әлеуметтік осал азаматтар мемлекет есебінен толық сақтандырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
