Сәрсенбі, 24 желтоқсан, 14:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№98 (2210)
23.12.2025
PDF мұрағаты

2026 жылдан бастап жұмыссыз азаматтар МӘМС арқылы тегін медициналық көмек алады

24.12.2025

70 0

Фото: кадр YouTube

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен жұмыссыз әрі тұрақты табысы жоқ азаматтар автоматты түрде қамтылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрліктің дерегінше, бүгінде МӘМС жүйесіне 16,8 млн адам қатысады. Оның 12,3 миллионы – жеңілдетілген санаттағы азаматтар, олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ал шамамен 3,6 млн адам әлі күнге дейін сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.

Кімдер сақтандырылмай жүр?

Сақтандырусыз қалған азаматтар екі топқа бөлінеді.

Бірінші топ – табысы жеткілікті болса да, түрлі себептермен МӘМС-ке қатыспай отырған шамамен 2,5 млн адам.

Екінші топ – әлеуметтік осал санаттағы 1,1 млн азамат. Бұл – жұмыссыз, табысы төмен, соңғы айларда зейнетақы жарнасын төлемеген адамдар.

Не өзгереді?

Жаңа заңнамаға сәйкес, әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейіне жататын азаматтар (жұмыс істемейтін, кемінде үш ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген, отбасының негізгі қажеттіліктерін өтеуде қиындық көретін азаматтар) үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.

Маңыздысы – жарна адам медициналық көмекке жүгінген сәтте аударылады. Яғни бұрын сақтандырылмаған болса да, азамат медициналық қызметті бірден ала алады.

Осылайша, 2026 жылы шамамен 1 млн адам МӘМС жүйесіне қосымша түрде қамтылады.

Қандай шарт бар?

МӘМС шеңберінде қызмет алу үшін азаматтың тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі міндетті. Емханаға тіркелмеген жағдайда сақтандыру мәртебесі болса да, жүйе қызметтерін пайдалану мүмкін емес.

Сақтандыру мәртебесін қалай тексеруге болады?

МӘМС-тегі мәртебені:

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтынан;

SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы;

Damumed, Qoldau 24/7 қосымшаларында;

кейбір банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.

Тұрақты төлеушілерге жеңілдік

2026 жылдан бастап кемінде 5 жыл қатарынан МӘМС жарнасын төлеген азаматтар, төлем уақытша тоқтаған жағдайда да 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.

Министрлік бұл өзгерістер МӘМС жүйесін анағұрлым әлеуметтік бағытталған, әрі халыққа қолжетімді ететінін атап өтті. Жаңа тетік әсіресе жұмыссыз және табысы төмен азаматтардың медициналық көмексіз қалмауына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы МӘМС туралы Заңға шілде айында қол қойғаны мәлім.

МӘМС жүйесін жетілдіру бағытында маңызды заң қабылданды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: