Қазақстанда өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің төмендемейтін қорын қамтамасыз ету үшін 21 млрд теңгелік тұрақтандыру қоры құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, мұндай шешім нарықтағы маңызды препараттардың тапшылығына байланысты қабылданған.
Бізге өмірлік маңызды дәрілердің жетіспеушілігі жөнінде өтініштер түсті. Осыған орай “СК-Фармация” арқылы 21 млрд теңгелік тұрақтандыру қоры құрылып, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге қажетті дәрілердің төмендемейтін қоры жасалды. Сонымен қатар сатып алу тетігі жетілдіріліп, бюджеттен 70 млрд теңге үнемделді. Бұл қаражат қосымша сұраныстағы дәрілерді алуға бағытталды, – деді ол.
Мәліметке сүйенсек, өңірлерде дәріхана желісі кеңейтіліп жатыр және қорларды қайта бөлу жүйесі енгізілген.
Қазіргі таңда айтарлықтай тапшылық жоқ. Барлық жұмыс атқарылып жатыр, – деп түсіндірді вице-министр.
Министрліктің дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 20,4 мың дәрілік зат пен медөнім тіркелген, олардың 15%-дан астамы – отандық өндіріс.
ДДСҰ ұсынған өмірлік маңызы бар дәрілер тізімінде қазақстандық өнімдердің үлесі 37%-ды құрайды.
Биыл біз дәрілік заттарды ЕАЭО рәсімдері бойынша тіркеу жұмысын күшейтіп жатырмыз. Соның нәтижесінде тіркелген препараттар саны 60%-ға артады. Олардың ішінде 300-ден астамы – отандық дәрілер, – деді Тимур Мұратов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
