2026 жылдың алғашқы магниттік дауылы 2-нен 3-іне қараған түні болуы мүмкін. Мамандардың болжамынша, оның күші G3 деңгейіне, яғни «күшті дауыл» санатына дейін жетуі ықтимал, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресей Ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы ғалымдарының мәліметінше, 31 желтоқсанда Күн бетінде М7.1 деңгейіндегі айтарлықтай қуатты жарқыл болған. Дәл осы құбылыс алдағы геомагниттік белсенділіктің себебі болып отыр. Жарқыл Жерге бағытталған материяның бөлінуімен ұласты.
«Дауылдың деңгейі G2 (орташа) болады деп болжанып отыр. Десе де, оның G3 және одан жоғары деңгейге дейін күшею ықтималдығы шамамен 30%-ды құрайды», делінген зертхана хабарламасында.
Болжамдық карталарға сәйкес, магниттік дауыл 3 қаңтарға сәйкес келеді. Дәл осы күні геомагниттік толқулардың болу ықтималдығы 90%-ға жуық.
Дегенмен ғалымдар жаңажылдық демалыс күндерінің қалған бөлігінде жағдай тұрақты болатынын айтады.
«Алдағы бірнеше күнді есепке алмағанда, айдың бірінші жартысы негізінен тыныш болады. Геомагниттік ахуалды тек Күн бетіндегі жаңа қуатты жарқылдар ғана өзгертуі мүмкін», деп нақтылады мамандар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
