Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс орталығындағы «Табиғи денсаулық» клиникасы Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі 30 адамды тегін диагностикалық тексеруден өткізді.
Адам ағзасын толық тексерістен өткізетін құрылғы 3 сағаттың ішінде сараптама қорытындысын шығарып бере алады. Ми тамыры, ас қорыту жүйесі, қан тамырындағы өзгерістерді анықтайтын заманауи құралдың мүмкіндігі орасан. Мамандардың айтуынша, тексеру тез әрі ешқандай ауырсынусыз жүреді.
«Табиғи денсаулық» клиникасы 2019 жылы ашылған. Бас дәрігер Ләззат Қадырбаеваның айтуынша, орталықта екі диагностикалық аппарат бар. Бір адамды тексеруге 40-45 минут жұмсалады. Диагностикалық тексеруден кейін әрі қарай талқылау, ұсыныс беру, ем жасау, соның барлығына 1,5-2 сағат уақыт кетеді.
Ресейдің медициналық-әлеуметтік реабилитация академиясынан дәріс алған білікті мамандар бір ғана құрылғымен адам ағзасын тексере алады.
– Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында 30 игі іс-шараға өз үлесімізді қосып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін диагностикалық тексеруден өткізіп, медициналық көмек көрсетудеміз, – дейді орталық директоры Гүлжан Құндақбаева.
«Табиғи денсаулық» диагностикалық орталығының директорына қалалық «Мүгедектер қоғамы» төрағасы Сәкен Алдашбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жөнінде ұсыныс білдірген. Клиника оларды тегін тексеруден өткізіп, қолына дәрігерлік анықтама берген. Дәрігерлік анықтама барлық медициналық ұйымдарға жарамды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!