Жыл басынан бері аймақта коронавирус инфекциясын 896 адам жұқтырған. Әсіресе облыс орталығы мен Сырдария, Жаңақорған ауданында індет жұқтырғандар аз болмай тұр.
Вирусты инфекцияны жұқтырғандардың артуы нәтижесінде өңір «сары аймаққа» енді. Бүгінде жыл басынан бері вирус жұқтырған науқас саны қалада – 610, Аралда – 31, Қазалыда – 48, Қармақшыда – 20, Жалағашта – 22, Сырдарияда – 59, Шиеліде – 51, Жаңақорғанда – 55 адамға жеткен.
Ал соңғы көрсеткіш бойынша бейсенбі күні коронавирус 43 адамнан анықталды. Оның 25-сі қала тұрғыны болса, Арал, Қармақшы ауданынан – 1, Сырдария, Шиеліден – 3, Жаңақорғаннан – 4, Қазалыдан – 6 науқас тіркелген. Соңғы уақытта тәжді тажалдың белең алуы алаңдатып отыр. Оның үстіне вирустың жаңа ошағы көбеюде. Осы 43 жағдайдың 22-сі вирустың жаңа ошағы болып белгіленсе, 21-і қарым-қатынас арқылы жұққан.
Мамандардың айтуынша, қауіпті вирустың симптомсыз белгісі артқан. Мәселен, тіркелген науқастардың 27-інде ауру белгісі байқалмаған. Ал қалған 16-ында вирустық көрсеткіш белгі беріпті. Тіркелген науқастың 32-сі қазіргі таңда үй жағдайында бақылауда, 11-і инфекциялық стационарда ем қабылдауда. Сондай-ақ жан сақтау бөлімінде 11 науқас ем алса, 11 науқас вирустан айығып шыққан.
Қазір жұртшылық алаңдаулы. Десе де денсаулық сақтау саласының мамандары вирустан қорғанудың бірден-бір жолы екпе салдыру екенін алға тартады. Қазір облыс бойынша екпе салдырудың үшінші кезеңі жүргізілуде. Онда медицина қызметкерлері, педагогтар мен полицейлер қамтылған. Мамандар екпеден кейін үш күн күтіну керектігін ескертуде. Сәуір айының басында облысқа вакцинаның 5500 дозасы әкелінді. Бүгінгі таңда оның 4295-і салынған. Екпе салдырғандар арасында денсаулық саласының мамандары мен ұстаздар қауымы, құқық қорғау қызметкерлері басым.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!