Бүгінгі күні облыс тұрғындарын ревакцинациялау үшін «QazVac», «SinoVac», «Pfizer», «Спутник Лайт» препараттары қолданылуда. Ал ревакцинациядан барлығы 64 921 адам өтті. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова хабарлады.
– Соңғы тәулікте облыста коронавирустық инфекцияның 55 жағдай тіркелді. Ал қаңтар айының қорытындысымен коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4 176 жағдайы анықталды. Қызылорда облысы 30-шы қаңтардан бастап «сары» аймаққа енді. Тиісінше, аурушаңдық деңгейі төмендей бастағаны байқалады. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Қазіргі таңда 2 327 белсенді ошақ бар. Барлығына індетке қарсы профилактикалық шаралар жүргізіліп, қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынды. Сондай-ақ, облыс бойынша вакцинацияның І-ші компонентін алғандар 92,9 пайызды құраса, ІІ-ші турын 89,3 пайыз тұрғын алды. Облыс азаматтарын вакцинациялау үшін «QazVac», «SinoVac», «Pfizer» препаратары жүргізілуде, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!