Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Қызыл аймақтағы» Қызылорда

01.05.2021

1015 0

Қызылорда облысы эпидемиологиялық жағдайды бақылау матрицасына сәйкес 21 сәуірде «қызыл аймаққа енді». Бір тәуліктен соң облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Динара Жанабергенова өзінің №9 қаулысын шығарды. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалдың көрсеткішіне байланысты Қызылорда өңірі елдегі «сары аймақтар» тізіміне енгенімен, келесі күні Қызылорда қайтадан «қызыл аймақтан» табылды. Соған сәйкес №9 қаулы өз күшін сақтап қалды. Жалпы қаулыда қандай шектеу енгізіліп, неге рұқсат берілген?..

Аймақтың бас санитарлық дәрігерінің №9 қау­лысында 13 сәуірдегі «Қызылорда облысы бойынша шектеу, оның ішінде карантиндік шаралары» туралы №8 қаулысына өзгерістер енгізілген. Мәселен, қо­ғамдық орындарда кальянды пайда­лануға қатаң тыйым салынған. Ойын-сауық іс шаралар, форум­дармен қоса отбасылық шаралар ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Үйлену тойы, мерейтой, еске алу, ауызашар секілді жиынды үйде де, мейрамханада да жасауға болмайды. Ал банкет залдарының жұмыс істеуіне тіптен рұқсат жоқ. Әйтпегенде, мейрамхана иелері айыппұл арқалауы мүмкін. Сон­дай-ақ балалардың ойын-сауық ор­талықтары мен аттракциондар да жұмыс жасамайды. Ал спорттық іс-шараларға көрермендер қатыса алмайды және театр, кинотеатр, концерт залдары да жұмыс жасамайды. Сонымен қатар қала және облысаралық тұрақты және тұрақты емес шағын автобустардың қозғалысы да шектелді.

Қаулыда рұқсат етілген бірқатар нысан бар. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныпқа, халықаралық мек­тептерде 1-7 сыныпқа және мектепалды даярлық сынып оқушыларының санын 25-тен асырмай аралас фор­матта оқытуға рұқсат берілген. Ал мектеп бітіретін 9 және 11 сынып оқушылары сабақты 70 процент дәстүрлі және 30 процент онлайн форматта оқуы тиіс. Азық-түлік тауарларын сататын супермаркеттер мен гипермаркеттер 7.00 – 23.00 аралығында жұмыс істей алса, азық-түлік емес тауарларын сататын дүкендер 9.00 – 18.00 аралығында ғана жұмыс жасайды. Сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлар сенбі, жексенбі күндері жабық болуы тиіс. Ғимарат ішіндегі қоғамдық тамақтану объектілері 30 орыннан асырмай, толтырылуы 50 процентпен сағат 9.00-ден бастап 20.00-ге дейін қызмет етеді. Ашық ауадағы тамақтану орындарына 22.00-ге дейін, ал жеткізу қызметіне түнгі сағат 1-ге дейін рұқсат етілген. Фитнес орталықтары, спа салондары сенбі мен жек­сенбіден басқа күндері 7.00 – 22.00 ара­лығында қызмет көрсете алады. Сұлулық салондары мен шаштараздар таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Діни нысандар бұқаралық іс-шара өткізбей, нысанда орналасқан тамақтандыру орындарының жұмысына тыйым сала отырып, өз жұмысын жалғастыра береді. Ал мемлекеттік органдар, ұлттық компания мен басқа да кеңсе қызметі қызметкерлерді 80 процент қашықтан жұмыс істеуге жіберуі керек. Ал халыққа қызмет көрсету орталығы алдын ала брондау арқылы, пошта бөлімдері 9.00 – 18.00 аралығында жұмыс істейді.

Бұл қаулы 2021 жылғы 22 сәуірде күшіне енді. Қаулыдағы талап-шектеулердің орындалуы да бас сани­тардың бақылауында болады.

Қызылорда қаласының бас санитарлық дәрігері Ерлан Ұзақбаев 26 сәуірде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте шаһардағы эпидемиологиялық ахуал күрделі екенін мәлімдеді.  Оның айтуынша, соңғы аптадағы сырқаттанушылық көрсеткіші 63,4 процентке жеткен.

– Соңғы күндері қаламызда коронавирус инфекция­сының таралуы белең алып отыр. Ауырған науқастар саны күннен-күнге көбеюде. Карантин шараларының күшейтілуіне қарамастан, кейбір тұрғындар қауіпсіздікке мән бермейді. Халықтың көптеп жиналатын жерлеріне бармауларыңыз керек. Түрлі мерекелер мен той-тома­лақтарды өткізуді де тоқтата тұруымыз қажет. Бұл індетті тек барлығымыз бірлесіп қана жеңетінімізді естен шығармауларыңызды сұраймын, – деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Жыл басынан бері облыс орталығында карантиндік талапты сақтамай, айыппұл салынған 72 дерек тіркелген. Шаһарда зертхана орталықтарының жұмысы да қызу жүріп жатыр. Қаладағы зертханаларда бір апта ішінде 1687, тәулігіне 250-300 сынамаға зерттеу жүргізіліп жатыр. Одан бөлек қаладағы 12 егу кабинеті де жүйелі жұмыс істеп тұр. Ерлан Ұзақбаевтың айтуынша, өңірдің бас қаласында жылжымалы егу пункттері де қарастырылған. Вакцина көлемі артқан тұста ірі сауда орталықтарында қосымша егу пункттерін ашу жоспарланған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: