Дүйсенбі, 06 қазан, 18:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

А гепатиті өршуі мүмкін

06.10.2025

49 0

Фото: zn.ua

Жыл сайын әлемде 1,5 миллион адам А гепатитін жұқтырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, гепатиттің бұл түрі ластанған қол немесе су арқылы жұғады.

Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның мәлімдеуінше, бұл дерттің алдын алу – ең тиімді қорғаныс шарасы.

Ауру негізінен балалар арасында жиі кездесетін болғанымен, соңғы жылдары ересектер арасында да тіркеліп жүр. 2006 жылдан бастап Қазақстанда енгізілген А гепатитіне қарсы вакцинацияның арқасында 2010 жылдан бері мектепке дейінгі балалар арасында ауру тіркелмей, тек оқшау жағдайлар ғана байқалуда.

Бұл нәтижеге халықтың вакцинацияға деген сенімі мен қамтудың жоғары деңгейі арқасында қол жеткіздік. Егер бұрын А гепатиті “балалық шақ ауруы” деп саналса, бүгінде біз оны толық бақылауда ұстай аламыз, – деп атап өтті Жанна Пірәлиева.

Айтуынша, иммунитеті жоқ кез келген адам – инфекция жұқтыру қаупі бар топқа жатады. Бұл табиғи жолмен (ауруды бастан өткергеннен кейін) немесе жасанды жолмен (вакцинация арқылы) қалыптаспаған адамдарға қатысты.

Қарапайым сақтық – ең тиімді қорғаныс

ДДСҰ мамандары мен жергілікті дәрігерлердің пікірінше, қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтау А гепатитімен қатар, ішек инфекциялары мен серозды менингиттің де алдын алуға көмектеседі.

Дәрігерлер мына сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

жеке бас гигиенасын сақтау, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап жуу;

балаларды уақытылы вакцинациялау;

тамақ пен суды таза, қауіпсіз көздерден пайдалану;жеке ыдысты қолдану және суды сақтауға арналған ыдыстарды үнемі жуып-тазалау;

үй-жайды, аула мен тұрмыстық нысандарды таза ұстау, мезгіл-мезгіл дезинфекциялау;

жуылмаған көкөніс пен жемістерді, көк шөптерді тұтынбау;

белгіленбеген су айдындарында шомылмау.

А гепатиті – алдын алуға болатын ауру. Бірақ оның таралу қаупі көбіне салғырттықтан туындайды. Әрбір адам жеке гигиенаны сақтап, балаларына дұрыс әдет қалыптастырса, індеттің алдын алу қиын емес. Таза қол, қауіпсіз су және дер кезінде жасалған екпе – өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың саулығын сақтаудың басты кепілі, – дейді дәрігер.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: