Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облысымыздың аумағында спорадикалық жағдайлар тіркеліп отырады.
2023 жылы Қазалы, Жалағаш аудандарынан басқа аудандардың барлығында тіркеліп, облыс бойынша эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болды. Облыста 48 күдікті науқас тіркеліп, оның 13-інің диагнозы расталды. Тұрғындар үшін кенеден келетін қауіп тек көктем-жаз айларында ғана емес, жыл көлемінде сақталуда. Себебі былтыр Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдығу жағдайы желтоқсан айынды да тіркелген болатын. Бұл жағдайға ауа-райының қолайлы болуы, аурудың табиғатта таратушы көзі кенелердің белсенділігінің жоғарылығы өз септігін тигізді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының туындауы осы аурудың табиғаттағы сақтаушы көзі әрі оны таратушы иксод кенелерінің өсіп-жетілу циклына тікелей байланысты. Ауру осы кенелер жаппай табиғатқа шыға бастаған уақыттан бастап тіркеле бастайды. Табиғатта ауру қоздырғышы дала тышқандары, кірпі, торғайлар арқылы сақталады. Олар вирустарды қансорғыш кенелерге, ал кенелер басқа жануарларға немесе адамдарға жұқтырады. Бір ерекшелігі адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене шаққан кезде қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 1-3 күненнен кейін ғана кене жабысқан жері қызарып, ауыра бастайды. Сондықтан табиғат аясында немесе егіндікте жүргенде денеде кененің бар-жоғын арагідік тексеріп тұрған жөн.
Ең қауіптісі - Конго-Қырым қанды қызбасы ауруы әбден асқынған жағдайда адам организімінде қанның ұю қасиеті төмендеп, денеде бөртпелер, көгерулер пайда бола бастайды, науқас іш құрылысынан қан кетумен асқынып, өлім көрсеткіші 30 пайызға дейін, кейде одан жоғары болуы мүмкін. Осыған орай халық арасында бұл ауруды «көкала» деп те атайды.
Аурудың жұғу жолдары:
кене шаққанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда;
мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, мыжығанда кененің ішіндегі сұйықтықтарымен жанасқанда;
қан кетіп ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде науқастың қанымен жанасқанда;
зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда жұғуы мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары:
Табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
Мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);
кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, кене адамға жабысуы үшін 2 сағаттай уақыт кетеді. Кене адамның кез-келген жеріне жабыспайды, ол терісі жұқа, қан тамырлары жоғары орналасқан дененің жұмсақ жерлеріне, яғни адамның бас терісі (балалар арасында 68-70 пайызға дейін бас терісіне жабысады), құлақтың арты, қолтық, шап, дененің басқа да бүгілетін орындары (шынтақ, тізенің асты, саусақтың арасы), адамның іші кенелердің көп жабысатын орны болып табылады. Сондықтан кененің бар-жоғын тексерген уақытта осыны ескеріп, далалық жұмыстан кейін киімді қағып-сілкіп, міндетті түрде ауыстыру қажет.
Адамды кене шаққан жағдайда кенені алып тастау үшін пинцетпен мүмкіндігінше тұмсығына жақын жайлап қысып, тартып алу керек. Пинцет болмаған жағдайда тігін тігетін жіптен тұзақ жасап, жайлап ырғап алуға болады. Кене шаққан орынды 70 пайыздық спирт ерітіндісі немесе йодтың 5 пайызды спиртті ерітіндісімен залалсыздандырады. Кене шаққан жағдайда міндетті түрде жергілікті медициналық мекемеге қаралып, 14 күнге диспансерлік бақылауға алынады. Жергілікті медицина қызметкері кене шаққан адамның таңертең және кешке дене қызуын өлшеп, науқастың жағдайын бақылайды. Дене қызуы көтерілсе немесе басқа да аурудың белгілері анықталса, кене шаққан адам дәрігер-инфекционисттің кеңесін алуға жолданады. Осы арқылы ауруды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге, өлім жағдайының алдын алуға болады.
Сонымен қатар маңызды мәселе – көктемде, күзде алдымен мал ұстайтын қораларды көңнен қоқыстардан тазартып, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын содан кейін жүргізу қажет. Себебі, көп жылдан бері жиналған қи, көң жиналған орындар, күл-қоқыстар – аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы. Маңыздысы бір аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды және ауру қоздырғышы вирусты тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз өз ұрпағына береді. Сол себепті жұмыртқадан жаңадан өрген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады. Сондықтан залалсыздандыру жұмсытары қора-жайлар тазартылғанан кейін жүргізілсе, тиімділігі арта түседі.
Аурудың негізгі белгілері: Күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшықеттерінің ауыруы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер байқалған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай қан кетумен – тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан кене шаққан жағдайда немесе табиғат аясында жұмыс жасағаннан кейін, егіндік, мал күтімінен кейін жоғарды аталған белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
2024 жылы Қызылорда облысы бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды. Аталған қолайсыз өңірлерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының көкөтемгі кезеңі сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Өңдеу жұмыстары облыстың оңтүстік аймақтарынан бастап жүргізіледі. Осыған орай, тұрғындарға мал қораларға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді сұраймыз.
Аса қауіпті ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан аман болу үшін жоғарыда айтылған сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырамыз. ұсынылған кенеден қорғану, аурудың алдын алу шараларын орындау арқылы Сіз өз денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз.
Динара Жанабергенова
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!