Адам папиллома вирусы – адамның терісін және шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус түрі. Қазіргі таңда аталған вирустың 200-ден астам түрі белгілі. 14 түрі – жоғарғы онкогенді, ол жатыр мойны қатерлі ісігін тудырады. Елімізде 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің ішінде бұл дерт сүт безі обырынан кейінгі екінші орында. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы анықталады, 600-ге жуық өлім-жітім деректері тіркеледі.
Адам папиллома вирусының алдын алудағы ең тиімді жол – вакцинация. Әлемнің 135 елі АПВ-ға қарсы екпені жоспарлы иммундау күнтізбесіне енгізген, ТМД елдері бойынша адам папиллома вирусына қарсы екпе Армения, Грузия, Молдава, Түркіменстан, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінде қолданылауда. Басқа елдердің тәжірибесінде екпе ұл балаларға да жасалады.
Халықаралық тәжірбиеде адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізілген жүзден астам елде жатыр мойны обырының аурушаңдық көрсеткіші 90% төмендеген. Яғни қауіпті дерттің алдын алудағы жалғыз спецификалық шара – екпе екені дәлелденіп отыр.
Біздің елде адам папиллома вирусына қарсы вакцинация 11 жастағы қыз балаларға жоспарлы түрде және 12-13 жастағы қыздарға толықтыра иммундау 2024 жылдың күзінен басталып жүргізілуде.
Облыс бойынша ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысымен АПВ-ға қарсы алғашқы екпемен 3853 қыз бала егумен қамтылған, оның 58,6 пайызы – 11 жастағы қыздардың үлесінде, 41,4 пайызы – ілеспе екпемен қамтылған 12-13 жас аралығындағы қыздар. Жоспарлы егудің қамту көрсеткіші жалпы облыс бойынша 26,4 пайызды құрады.
АПВ-ге қарсы 2-ші рет екпе шараларына келетін болсақ, облыс бойынша 4523 қыз бала егумен қамтылған. Вакцинациялаудан кейінгі қолайсыз көріністер орын алған жоқ, екпе қоры жеткілікті.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, ағзаға түскенде иммунитетті белсенді ететін жекелеген вирус ақуыздары бар. Олар өз кезегінде иммундық жүйе жасушаларымен адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер өндіріп, ағзаның вирусты тануына және онымен күресуіне оң ықпал етеді. Екпе обырды тудыруға қабілетсіз және әйелдердің репродуктивтік қызметіне кері әсерін бермейді. Бұл әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық клиникалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.
Қыз бала – болашақ ана. Ол еліміздің өсіп-өркендеуіне ат салысатын болашақ ұрпақты өсіруші тұлға. Ал ертеңгі ұрпақтың дені сау, саналы болуы әйел адамының денсаулығына тікелей байланады. Сол себепті қатерлі дерттің алдын алу үшін екпе салдырып, аурудың алдын алуда белсенділік, жауапкершілік танытуға шақырамын.
Әлия Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!