Адам папиллома вирусы – шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустардың ең көп таралған топтарының бірі. Бұл вирус жатыр мойнының жасушаларын өзгертіп, қабынулар тудырып, уақтылы ем¬делмеген жағдайда жатыр мойны обырына алып келуі ықтимал. Ең қауіпті түрлері – 6, 11, 16, 18 тұқымдас¬ықтан туындайтын вирустар тобы.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырына 1900-ге жуық адам шалдығады және жыл сайын осы аурудан 600 әйел көз жұмады. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцина алу. Осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми зерттеулер иммундаудың ұрықтануға, жүктілікке немесе іштегі нәрестеге әсер етпейтіні анықталды. 2024 жылдан бастап Қазақстанда АПВ екпесі Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді, ол 11 жастағы жасөспірім қыздарға салынады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы жасты ұсынды, өйткені бұл кезеңінде вакцинация ең тиімді саналады, соның арқасында ең тұрақты иммунитет те осы жас шамасында қалыптасады. Вакцинация 2 мәрте 6 ай аралық интервалмен жүргізіледі. АПВ-ға қарсы егу жүргізу үшін АҚШ-та шығарылған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады, ол АПВ-ның 6, 11, 16 және 18-типтерінен қорғайды. Бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, Қазақстан Республикасында тіркелген және әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен қолданылады. АПВ вакциналарында тірі вирустар жоқ және инфекцияны тудыруы мүмкін емес, сондай-ақ ұрпақты болуға ешқандай кедергілер жоқ.
Вакцинациялауды қала мектептерінің медициналық кабинеттерінде және тұрғылықты жері бойынша емханаларда екпе жасауға рұқсаты бар, дайындықтан өткен медицина қызметкерлері жүргізеді.
Иммундауға вакцинаның кез келген компоненттеріне жоғары сезімталдық, вакцинаны бұрын (алғаш) енгізген кездегі реакциялар болса, жіті жұқпалы аурулар, созылмалы аурулардың өршуі, дене температурасының 37° – тан жоғары көтерілуі қарсы көрсетілім болып табылады.
Облыс көлемінде 2025 жыл басынан бері 12 140 қыз бала АПВ-ға қарсы егілді, оның ішінде бірінші дозамен 6207, екінші дозамен 5933 жасөспірім қыз иммундаудан өтті. Егілгендер арасында вакцинациядан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ. Иммундау жалғасуда, сондықтан барша ата-аналарды АПВ қарсы екпені уақытылы алуға шақырамыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
