Шымкентте жұрт жаппай белгісіз иістен уланып жатыр. Басы айналып, лоқсыған тұрғындар ауруханаға жеткізілуде. Тіпті бір мектептің мұғалімдері мен оқушылары уланып білім ордасы онлайға жіберілді. Белгілі болғандай, қала сыртындағы индустриялды аймақтан келіп жатқан кәріз жүйесіне, өндіріс ошақтарының бірінен мұнай қалдығы төгілген. Содан ауаға таралған зиянды қалдықтың көлемі 10 есеге артыпты. Қазір оқиға орнында экологтар жұмыс істеуде. Алайда тұрғындарды тұншықтырған иістің әлі басылар түрі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.
Шымкенттегі бұл жағдай бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Жағымсыз иістен тұрғындар басы айналып, құсып жатыр. 16 наурыз күні түстен кейін жағымсыз иіс көшені басып қалған. Тіпті мектеп амалсыз онлайнға көшкен, дегенменн білім ордасы кеше қайта ашылыпты. Бірақ оқушылар таңертеңнен бері жүрегі айнып құлай бастапты. Қазір улы иіс жайлаған мектеп қаңырап бос тұр.
«Үш оқушы, екі мұғалімнің басы айналды. Жедел жәрдем келіп, басқа да қызметкерлерге оттегімен көмек беріп жатыр. Жаңа зертханадан анализ алды. СЭС зертханасының талдауы дайын болмайынша, толық онлайнға көшуге мәжбүрміз», – деді №37 мектептің директоры Гаухар Байбосынова.
Халыққа қызмет көрсету орталығы кешеден бері жұмыс істемей тұр. Үшінші күн тұншығып жатқан тұрғындар улы иістің көше түгілі, үйді алып кеткенін айтады. Көпшілігі кішкентай балаларын қаланың өзге басындағы туыстарына жіберген. Мұнда жұрт жаппай жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр.
«Құсып жатыр, тұншығып жатыр. Енді қайтеміз? Түсініксіз иіс. Тіпті түсіндіре алмаймын, көмейім бітеліп тұрғандай. Таңнан бері дексиметазонның үш құтысын алдым», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Азиза Әбдірахманова.
Әуелде мамандар құбырдан газ кетіп жатыр деп топшылапты. Тексере келе улы иістің газ құбырынан емес, кәріз жүйесінен шығып жатқаны анықталған. Ол кәріз жүйесі қала сыртындағы индустриялық аймақтан бастау алып жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!