Жексенбі, 24 қараша, 14:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Аманатқа адал акушер

15.06.2024

404 0

Күн сайын қаншама сәби дүниеге келеді. Жарық өмірдің есігін ашып, ана мейіріміне бөленеді. Айналасына бақыт сыйлайды. Осы бір ғажайып сәтті сезінуде ақ халатты абзал жандардың үлесі зор. Көпбейінді облыстық аурухананың акушерлік бөлімінің  жоғары санатты акушері Гүлзат Жолдасбекқызы  – 30 жылға жуық ана мен баланың аман-есен қауышуына себепкер болып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып,  аналар алғысын арқалаған абзал жан.

Жастайынан жазуға бейім, шығармашылыққа жаны жақын кейіпкеріміз әуелде журналист болуды армандаған екен. Алай­да мектеп қабырғасында жүріп шығармашылық қабілетін шың­дап, осы салада қызмет етемін деген оның мақсаты басқа арнаға бұрылады.

– Әр адамның бала кездегі арманы болады ғой. Менің де арманым журналист болу еді. Бірақ дәм-тұз медицина са­ласынан бұйырған екен. Мек­теп бітіретін жылы ағам медицина саласын таң­дауымды қалап, осы мамандыққа икемім барын, мықты маман болатынымды айтты. Көп ұза­май ағам ауыр дерттен көз жұмды. Сол сәтте оның бұл айтқандарын өзіме аманат ре­тінде қабылдадым. 1991 жылы Жезқазған медицина училищесіне оқуға түсіп, аку­шер мамандығы бойын­ша үздік дип­лом­мен аяқта­дым, – дейді кейіпкеріміз.

Денсаулық саласын­дағы әрбір маманның ісі жауап­кершілікті, біліктілікті қажет етеді. Ал акушерлік сала ма­мандары бір емес, екі адамның өмірі үшін жауапты. Білім, біліктілікпен бірге тиянақтылық, жауапкершілік қасиет дәрігердің бойынан табылуы тиіс. Отыз жыл осы саланың қызығы мен шыжығын көріп, 10 мыңнан астам баланың кіндік шешесі атанған Гүлзат Жолдасбекқызы алғашқы еңбек жолын Қармақшы аудандық перзентханасынан бас­таған.

– Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Тек денсаулық емес барлық салада құлдырау болды. Ол тұста жаңа босанған аналарға жағдай қиын болып, тіпті дәрі-дәрмек те тапшы болатын. Соған қарамастан мамандар ана мен бала өмірін сақтау үшін аянбай еңбек етті. Қазір денсаулық саласы күн санап дамып келеді. Перинаталдық орталықтар соң­ғы үлгідегі құралдармен жаб­дықталған. Ананың жеңіл бо­сануы, баланың аман-есен дүниеге келуі  үшін бар мүм­кіндік қарастырылған. Осы­­ған қуана­мын, – дейді өткенді са­ралаған  Гүлзат Жұмабекова.

Кейіпкеріміз 30 жыл­дық еңбек жолында Қармақшы, Байқоңыр қалаларындағы пер­зентханада жұмыс істеп, 2009 жылы Қызылорда қалалық пер­зентханасына ауысады. Бүгінде жоғары санатты акушер Гүлзат Жолдасбекқызы, көпбейінді облыстық аурухананың аку­шерлік бөлімінің акушері. Үнемі ізденіс үстінде жүретін маман Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында бірнеше рет білі­мін жетілдірген. Өзінің тәжі­рибесін ауыл-аймақтан келген акушер, жас мамандармен бөлісіп, акушерлік көмектің сапалы атқарылуына үлесін қосуда. Қашанда жас мамандарға үйретуден жалықпайтын кейіп­керіміз олардан жұмыс барысында жауапты, тиянақ­ты болуды талап етеді. Ана мен бала өмірі үшін жауапкершілікті сезінбей сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. Сондықтан еңбек жолын енді бастаған шәкірттерінің  білікті маман болып қа­лыптасуына үнемі ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Кейіпкеріміз «білімділікті, біліктілікті, қырағылық пен жауапкершілікті талап ететін қызмет жолын таңдап, ана мен баланың аман-есен қауышуына себепкер болуды өмірдің өзіне жүктеген міндеті деп түсінеді. Жуырда акушерлер арасында өткізілген облыстық байқауда жеңімпаз атанып, «Үздік акушер» атанған Гүлзат Жұмабекова отыз жыл аға аманатына адал, халыққа алғаусыз қызмет көр­сетіп келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: