Сәрсенбі, 06 тамыз, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58, 2171
05.08.2025
PDF мұрағаты

Ана сүті  – дені сау ұрпақтың негізі

06.08.2025

47 0

Қазіргі таңда ана сүтінің бала денсаулығына тигізер пайдасы бұрынғыдан да айқын дәлелденіп отыр. Ол тек табиғи қорек көзі ғана емес, сәбидің иммундық жүйесін қалыптастыратын, өмірін сақтайтын, ана мен баланың арасындағы психоэмоциялық байланысты нығайтатын теңдессіз табиғи ресурс. Осыған орай жыл сайын 1-7 тамыз аралығында аталып өтетін Дүниежүзілік ана сүтімен емізу апталығы аясында Қызылорда облысында кешенді шаралар ұйымдастырылып, бағдарлама аясындағы жетістіктер мен өзекті мәселелер талқылануда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова және «Ана сүтімен емізуді қолдау, қорғау және насихаттау» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі Нұргүл Скакова мәлімдеді.

– Дүниежүзілік ана сүтімен емізу апталығы жыл сайын 1-7 тамыз аралығында әлем бойынша аталып өтеді. Апталықтың басты мақсаты – ана сүтінің маңыздылығын кеңінен насихаттау және оны қолдауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру. Ана сүті – жаңа туған нәресте үшін теңдесі жоқ табиғи тағам. Ол баланың иммундық жүйесін нығайтып, түрлі жұқпалы және созылмалы аурулардың алдын алады. Сонымен қатар, ана сүтімен емізу – ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтіп, психологиялық және физиологиялық саулықты қамтамасыз ететін маңызды үдеріс. Ана сүтінің өмірлік маңызын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ ұсынған «Ана сүтімен емізуді қолдау, қорғау және насихаттау» бағдарламасын еліміздің өңірлерінде жүйелі түрде іске асырып келеді. Қызылорда облысында бұл бағдарлама 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол жылы Арал және Қазалы аудандық перзентханалары, ал 1998 жылы Қызылорда қалалық перзентханасы «Балаға ізгі ниетті аурухана» деген халықаралық мәртебеге ие болды. 2022 жылы бұл үш мекеме қайтадан халықаралық сертификаттаудан сәтті өтті. Сол жылы Қызылорда қалалық №3 емхана мен Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы алғаш рет «Балаға ізгі ниетті мекеме» мәртебесіне ие болды. Бүгінгі күні облыс бойынша 5 медициналық ұйым ДДСҰ мен ЮНИСЕФ ұсынған стандарттарға сәйкес жоғары нәтижелер көрсетіп, «Алтын тақта» марапатына ие болды. Бұл халықаралық деңгейде үздік тәжірибенің мойындалуы. Бағдарламаны үйлестіру мақсатында арнайы облыстық үйлестіруші тағайындалған. Бұл өңірдегі барлық емдеу-алдын алу ұйымдарында бірізді жұмыс жүргізуге, білім мен тәжірибе алмасуға, стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр, – деді Мая Миранбайқызы.

– Ана сүтінің маңызы мен оның нәресте мен емізулі ананың денсаулығына әсері соңғы 30 жылда көптеген зерттеулермен дәлелденген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын шамамен 3 миллион нәресте өмірден өтеді, алайда дәлелді медицина мен денсаулық сақтау тәжірибесіне негізделген шараларды қолдану арқылы олардың көпшілігін құтқаруға болады. Қазіргі таңда нәрестелердің денсаулығын жақсартуға арналған күрделі және қымбат құралдар қажет емес. Ең арзан әрі тиімді технологиялардың бірі – ана сүтін қолдану болып табылады. Ана сүтін насихаттау – нәрестелердің денсаулығын қамтамасыз етудің басты кепілі. Ана сүті нәрестенің иммундық жүйесін нығайтады, инфекцияларға қарсы тұруға көмектеседі, сонымен қатар ішек аурулары, тыныс жолдары инфекциялары, аллергия және диабет сияқты ауруларға қарсы қорғаныс береді. Ана сүті баланың толыққанды тамақтануына қажетті барлық қоректік заттарға бай – су, витаминдер, майлар, ақуыздар, көмірсулар мен ферменттер. Ана сүтін насихаттау – болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция. Бұл бағдарламалар қаржыны қажет етпейді, тек білім мен кәсіби дайындықты талап етеді. Сондықтан барша мамандардың және қоғам мүшелерінің бұл бағыттағы еңбегі маңызды, – деді Нұргүл Жанайқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: