Медицинада сәбиді дүние есігін алғаш ашқан сәттен бастап анасының кеудесіне салу қалыпты үрдіс. Себебі, жаңа туған сәбидің дені сау өсуі үшін ана сүтінің маңызы зор. Бүгінде шетелдік ғалымдар ана омырауының ұшында түрлі пайдалы бактериялар болатынын айтып жүр. Бұл өз кезегінде бала емізер алдында кеудені жуудың қажет еместігін білдіреді.
Жаңа туған сәбилер тәулігіне 8-12 рет аштық белгісін білдіреді. Сол үшін оларға көп тамақтану керек. Бала тез өседі. Ол өсіп, жетілуіне қажетті дүниені ана сүтінен алады. Баланы 6 айға дейін тек ана сүтімен тамақтандырған дұрыс. Ал алты айдан кейін қосымша тағам беру ұсынылады.
Ана мен бала үшін босанғаннан кейінгі бірінші сағат аса маңызды уақыт болып табылады. Емізу неврологиялық іс-әрекет. Осы себепті туа салысымен анамен байланыс орнату нәрестені тыныштандырып, емшек іздей бастауына көмектеседі. Әдетте сәби емшек емуде алғашқы қадамды өзі жасайды.
Қазіргі таңда емізулі баласы бар аналарды қалай тамақтанған дұрыс деген ой мазалайды. Алайда оларға күнделікті рациондағы барлық тағамды тұтыну ұсынылады. Бұл өз кезегінде балаға 6 айдан кейін қосымша тамақ беруге үйретудің басы болып табылады.
Бала үшін 1 жасқа дейін анасымен тығыз байланыс жасау, емшек ему маңызды санадлады. Ал 1 жастан кейін айналаны тани бастаған тұста олардың назарын қоршаған ортаны зерттеуге аударады. Мұндай кезде баланың емшек емуі де азаяды. Алайда бүгінгі медицина ана үшін де, бала үшін де 2 жасқа дейін емізу пайдалырақ екенін дәлелдеп отыр.
Гүлзат Жұмабекова,
Көпбейінді облыстық аурухана, акушерлік бөлім
жоғары санатты үздік акушер
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!