Медицина саласы – үлкен жауапкершілік пен шексіз мейірімді талап ететін қасиетті мамандық. Осындай абзал жолды таңдаған, саналы ғұмырын адам денсаулығын сақтауға арнаған жандардың бірі – көпбейінді облыстық аурухананың тәжірибелі аға мейіргері Абдикаримова Рауа Қаниқызы.
Рауа Қаниқызы 1969 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1987 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Ресей Федерациясының Свердловск қаласындағы облыстық медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1989 жылы «Медициналық сестра» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Еңбек жолын 1990 жылы Жалағаш ауданындағы балалар консультациясында аймақтық мейіргер болып бастап, кейін түрлі медициналық мекемелерде тәжірибе жинақтады. 1999 жылы Қызылорда қаласындағы «Сенім» емханасында, 2001 жылдан Қалалық сәбилер үйінде егу бөлмесінің мейіргері ретінде еңбек етті.
2005 жылдан бастап Облыстық медицина орталығында жұмысын жалғастырып, ақылы хирургия бөлімшесінде мейіргер болды. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында 2011 жылы жалпы терапия бөлімінің аға мейіргері болып тағайындалды. Кейін кардиореабилитация, реанимация-анестезиология, ақылы хирургия және басқа да бөлімшелерде аға мейіргер ретінде қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтады.
2018 жылдан бері ШЖК КМК «Көпбейінді облыстық ауруханасында» ақылы бөлімнің аға мейіргері қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Көп жылдық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрметке ие.
Рауа Қаниқызы білімін үнемі жетілдіріп отыратын маман. 2019–2021 жылдары Қызылорда жоғары медициналық колледжінде «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» мамандығын игерсе, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, «Мейіргер ісі» бойынша академиялық бакалавр дәрежесін алды.
Еңбек жолында жоғары жетістіктерге жеткен маман бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен, «Үздік аға мейіргер» номинациясымен, аурухананың дамуына қосқан үлесі үшін төсбелгімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
32 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман – тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілік қасиетімен де ерекшеленеді. Ол – үш баланың анасы, немерелерінің сүйікті әжесі.
Рауа Қаниқызы – өз ісіне адал, ұжымда сыйлы, жас мамандарға үлгі болатын тұлға. Оның медицина саласына қосқан еңбегі әрдайым жоғары бағаланып келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!