Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қатысуымен туберкулез аурушаңдығы бойынша штаб отырысы өтті. Онда туберкулез бойынша аймақта қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал, асқынған жағдайлар, сырқаттанушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар барысы баяндалды.
«Жалпы өткен жылғы көрсеткіштер бойынша туберкулез аурушаңдығында төмендеу тенденциялары байқалады. Атап айтқанда, есепті мерзімде тыныс алу жолдары туберкулезі 11%-ға, сондай-ақ туберкулездің жұқпалы түрі 29%-ға төмендеген. Бұдан бөлек, төмендеу көрсеткіштері жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық бойынша да байқалады. Балалар мен жасөспірімдер арасында өлім-жітім жағдайлары тіркелген жоқ. Туберкулездің алдын алуда БЦЖ екпелерін жүргізу, Манту сынамы және флюораграфиялық тексеру жоспарының орындалуы қала, аудандар бойынша оптималды деңгейде», – деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Туберкулездің алдын алудың тиімді әдісі – профилактикалық медициналық тексеруден өту. Туберкулез рентгенологиялық әдіспен анықталады, яғни кеуде қуысын флюрографиялық және рентгенологиялық тексеруден өткізу. Ал балалар арасында туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі-туберкулин сынамасын қою. Туберкулин диагностикасы 12 айдан бастап 14 жасқа жеткен тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою арқылы жүргзіледі. Дегенмен екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар да кездеседі. Бүгінгі штаб отырысында туберкулездің алдын алу мақсатында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту қажеттілігі айтылып, ауруды ерте сатыда анықтаудағы профилактикалық шараларды белсендендіру, сырқаттанушылық көрсеткіштерін әрі қарай төмендету бағытында жүргізілетін жұмыстар, проблемалық мәселелер пысықталып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!