Судың сапасы біздің өмірімізбен және денсаулығымызбен тығыз байланысты. Ауызсу жалпы эпидемиялық және радиациялық тұрғыдан қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз, органолептикалық қасиеті бойынша қолайлы болуы керек.
Адам ағзасына зиянды әсерлері бар тұздар мен уытты заттардың шамадан тыс артық мөлшерде болмауы аса маңызды. Патогенді қоздырғыштардан, гельминттердің жұмыртқаларынан таза болуы тиіс. Су химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы үшін табиғи судың құрамында кездесетін заттарға, өңдеу үрдісінде суға қосылатын реагенттерге арнайы нормативтер бекітілген. Ауызсудың стандартта көрсетілген нормативтерге сай екені химиялық, бактериологиялық, радиологиялық зерттеу жүргізу арқылы анықталады. Ауызсу және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған судың сапасына қойылатын гигиеналық талаптар эпидемиологиялық қауіпсіздік, химиялық құрамының зиянсыздығы және қолайлы органолептикалық қасиеттері принципіне негізделген. Бұл бойынша көрсеткіштер – мониторинг жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен ауызсу және ашық су сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, жіті бақылануда.
Облыс тұрғындарының 99,4% – орталықтандырылған ауызсу жүйесімен, 0,6% – орталықтандырылмаған сумен, 0,04% – тасымалды ауызсумен қамтамасыз етілген. Жалпы облыс бойынша негізінен жер асты су көздері пайдаланылуда.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 205 сумен жабдықтау объектісі бар. 2025 жылы орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштеріне 2148 су сынамасы алынып, оның 33-і талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы – 1,5 пайызды құрады. Талаптарға сай келмейтін сынамалар Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында анықталды.
Ауызсудың санитарлық-химиялық көрсеткіштеріне 2083 сынама алынып, оның 99-да сәйкессіздік анықталды, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы – 4,7 пайызды құрады. Талаптарға сай келмейтін сынамалар Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында анықталды. Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне: құрғақ қалдық, хлоридтер, сульфаттар бойынша нормадан жоғары анықталды.
Сәйкес келмейтін үлгілердің барлық фактілері бойынша басқару шешімдерін қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға және су пайдалану объектілерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне ақпарат жолданды. Барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінде жуу-тазалау және дезинфекциялау жұмыстары толығымен жүргізілді.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
