Скарлатина – балалар арасында жиі кездесетін, ауа – тамшылы жолмен берілетін ауру. Аурудың қоздырғышы «А» тобындағы стрептококк болып табылады, ағзаның улануымен, жедел тонзиллитпен және ерекше бөртпелермен сипатталады.
Қызылорда облысында 2022 жылы скарлатина ауруының 278 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есеге жоғары. Сырқаттанушылықтың ең көп тіркелуі өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында байқалды.Жалпы науқастар санының басым үлесі немесе 98,2 пайызы- 14 жасқа дейінгі балалар.
Сырқаттанушылықтың 95,6% Қызылорда қаласы көлемінде және 9 жағдай Арал, 3 жағдай Қазалы ауданындарында тіркелген.
Кәсіби құрамы бойынша жіктейтін болсақ, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына баратын бүлдіршіндер – 41,8%, оқушылар – 26,2%, ұйымдастырылмаған ұжымдағы балалар – 31% құрады.
Скарлатина ауруының таралуының алдын алу үшін медицина ұйымдарымен тонзиллитпен ауыратын науқастарды белсенді анықтау, оларды тексеру және санациялауға бақылау жүргізілуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда топтық оқшаулау қағидаты қатаң сақталуда, қарым-қатынаста болғандар уақытылы медициналық бақылауға алынып, ошақтарда тазалау және желдету режимдерін сақтау, температуралық режимді бақылау жүргізілді.
Аурудыңкөзі – скарлатинамен ауыратын науқастар. Ауру күз-қыс мезгілінде өршиді. Аурудың жасырын кезеңі он күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру бірден қатты басталады, қалтыраумен қатар, температураның күрт өсуі байқалады, жүрек айну, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, әлсіздік болады. Аурудың 1-ші тәулігінің аяғы мен 2-ші тәуліктің басында баланың кеудесіне тұтас, ұсақ бөрткен қаптап шығады. Бөртпенің ұзақтығы 2-4 күн, аурудың жеңіл ағымында бөртпелер тез жойылады, ал ауыр жағдайларда – 1 аптаға дейін сақталады.Скарлатина ауруының іріңді жәнеа ллергиялық асқынулары болуы мүмкін. Аурудан емделу әдетте үйде жасалады, алайда ауырдың ауыр ағымында немесе эпидемиологиялық көрсеткіштеріне байланысты ауруханаға жатқызылады. Скарлатинаның алдын алуда ең бастысы науқасты оқшаулап, дәрігердің белгілегенін бұлжытпай орындау керек.
Қызылорда облысының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының
орынбасары Әлия Әбдіқайымова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!