Бала қауіпсіздігі мәслесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Бұл тақырыптың маңыздылығы Мемлекет басшысының да жыл сайынғы Жолдауында айрықша аталып өтеді. Оқушылардың сапалы білім алуымен қатар жеке бас қауіпсіздігі, денсаулығы қашанда маңызды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары бақылауында 331 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 291-і облыстық білім басқармасына қарасты, жеке мектептер саны – 40.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметіне сәйкес апатты жағдайдағы және тығыздылығы қалыптан жоғары мектептер мәселесін шешу мақсатында республикалық, жергілікті бюджет есебінен 19 мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп ел игілігіне кезең-кезеңімен берілуде.
Өткен жылы Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен облыс орталығында 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға табысталды.
Бұдан бөлек, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласындағы 5 мектепте спорт зал, асхана салынып, қосымша оқу корпустары іске қосылса, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен облыс орталығында барлығы 8 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
2025 жыл басынан бері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Осы үлгідегі заманауй талаптарға сай 5 мектеп жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде.
Облыс бойынша апаттық жағдайда 4 мектеп бар, олар Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында орналасқан. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес, бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің 4-еунің мәселесі 2025 жылы шешімін табатын болады.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі де аймағымызда жолға қойылған. 2024 жылы облыстағы 1-4 сынып оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақтандыру мәселесі толық шешіліп, облыстағы 87 033 оқушы қамтылды, жалпы 291 мемлекеттік мектептің 284-інде ыстық тамақ, 7 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған.
Мектеп асханаларында ыстық тамақ ұйымдастыру Тағам академиясы ұсынған әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырылып, жүргізілуде. Жаңа оқу жылында мектеп асханаларының перспективті ас мәзірінің және буфеттік тағам ассортименті жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары мамандарымен сараптама жүргізілді. Берілетін тағам алуандығы өткен жылдарға қарағанда біршама жақсартылып, сүт, сүт өнімдері, жеміс-жидектер мен олардың шырындары қосылып, ет, ет өнімдерінің мөлшері көбейтілді.
Мектеп әжетханалары мәселелері де ретке келтірілуде. Жалпы 2019-2024 жылдары 91 мектептің ауласында орналасқан дәретханаларды ішке кіргізу жұмыстары толық жүргізілді. Кешенді күрделі жөндеу кезінде демонтаждалған 29 мектептің ішкі дәретханалары қалпына келтірілді.
Жалпы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы мен мектептердің техникалық жағдайына, санитариялық тораптарының ахуалына жергілікті білім бөлімдерімен бірге жұмысшы топтары құрылып, барлық мектепке мониторинг жүргізіліп отырады, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Себебі балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда. Ел болашағының баянды болуы бүгінгі игі істерден басталмақ. Ұрпақ саулығы – ұлт келешегі.
Гүлмира Сыздықова
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!