Ойыншықтарды әркім өз қалауымен таңдайды: біреуі белгілі бір өндіруші компанияға, басқалары бағаға, ал басқалары сыртқы келбетіне назар аударады. Ал қауіпсіз ойыншықтарды таңдау үшін қандай белгілеріне назар аудару қажет? Бүгін осы туралы айтатын боламыз.
Кеден одағының №008/2011 «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын барлық талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды қолдану балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға шыны, фарфор, түкті резеңке, өлшемі ылғалды ортада 5% аса ұлғаятын сылдырмаққа ұқсас ойыншық толтырмаларын қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза, инфекцияланбаған болуы және техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандарттарға сәйкес болуы тиіс.
Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы керек. Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, бекіту бөлшектері механикалық жүктемелерді көтеруі тиіс, оларды мақсаты бойынша пайдалану кезінде үгітілмеуі және өзінің тұтыну қасиеттерін сақтауы қажет. Олардың қолжетімді жиектері, ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, баулары, арқандары, қозғалатын құрамдас бөліктері балалардың жарақат алу қатерін болдырмауы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтардың алмалы-салмалы бөлшектерінің, сондай-ақ ойыншықтарға тікелей бекітілген бөлшектерінің өлшемдері балалардың жоғарғы тыныс алу жолдарына түсуін және олардың тұншығуын болдырмайтындай етіп жасалуы керек. Жұмсақ ойыншықтарда қатты немесе өткір бөгде заттардың болуына жол берілмейді, жұмсақ ойыншықтардың жіктер мен тігістері берік болуы тиіс. Электр энергиясы көзімен жанасатын немесе жанасуы мүмкін ойыншықтардың бөлшектері, сондай-ақ кабельдер, сымдар электр тоғымен зақымдануды болдырмау мақсатында механикалық қорғалған және оқшауланған болуы қажет.
Тұтынушыға арналған ақпарат, таңбалануды оқығанда анық,жеңіл оқылатын, қарағанда қолжетімді болуы шарт. Таңбалануды өндіруші немесе импорттаушы жүзеге асырады. Таңбалану келесідей ақпараттарды қамтиды: ойыншықтар атауы, өндірілген ел атауы, өндіруші, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, олармен байланысатын ақпарат, өндірушінің тауар белгісі, балалардың жасын анықтайтын, ең төменгі бала жасы, негізгі конструкцялық материалдар, ойыншық күтімі, дайындалған мерзімі, қызмет мерзімі немесе жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары. Ойыншық таңбалануында көрсетілген ақпараттар міндетті түрде орыс тілінде және мемлекеттік тілде көрсетіледі.
Нарыққа шығар алдында алдымен жоғарыда аталған Кеден одағы техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растау рәсімінен өтуі шарт. Ойыншықтардың сәйкестігін растау сертификаттау түрінде жүзеге асырылады.
Қазіргі нарықта жағымсыз иісті, шеттері тым үшкір немесе өңделмеген, ұсақ бөлшектерден тұратын ойыншықтар да кездеседі. Өкінішке орай, мұндай ойыншықтар баланың қолына түссе өте қауіпті, өйткені қолына ұстап, ойнаған кезде жарақаттанып немесе ұсақ бөлшектерді жұтып қоюы әбден мүмкін. Әрбір тұтынушы мен ата-ана балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ойыншықтарды сатып алған кезде олардың сәйкестігін растау сертификаттарын талап етуі керек, сондай-ақ, ойыншықтардың тағайындалуы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін Кеден одағының техникалық регламенті бар екенін ескеріп, хабардар болғаны абзал. Егер тұтынушы сатушыдан бұл талаптардың орындалуын талап етсе, ал сатушы өз кезегінде талаптарға сай өнімді әкелсе, нарықта сапасыз тауарлардың саны азаяр еді.
Құрметті ата-ана! Балалар ойыншықтарын дұрыс, сапалысын таңдап, жоғарыда аталған талаптарды ұстанған жағдайда ғана өз сәбиіңіздің денсаулығы мен өміріне сенімді бола аласыз.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!