Сенбі, 16 қараша, 03:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№91-2101
16.11.2024
PDF мұрағаты

Бауырына бауыр берген

12.01.2021

4903 0

«Бауыр қымбат бірге туған құрсақтан. Өзім бауырды бәрінен де жоғары бағалаймын. Маған әуелі Алла, сосын інім тағы да жарық өмір сыйлады». Әдемі айтылған сөз, иә… Бұл – біздің оқырманымыз, шырайлы Шиелі ауданының тұрғыны Бақытжан Молжігітұлының сөзі.

Қазақ «басың аман, бауырың бүтін болсын» деп тегін айтпаған. Амандық-саулықтың белгісі бауырдың бүтіндігімен өлшенген. Бұл мүше қанды тазартатын, улы заттардан қорғайтын сүзгі іспетті. Ол минутына миллиондаған улы затты ыдыратып жібереді. Алайда адамға адал қызмет атқаратын бауырдың өзі ауырса, сырқатын білдірмейді. Былайынша айтқанда бауыр айтпай азап шектіреді.

2013 жылы кейіпкеріміз Бақытжан мазасыз күй кеше бастайды. Соңында оның бауыры ауыратыны анықталды. Негізі ешқандай дертке берілмейтін ол, бұл сырқатқа қанша сабырлық танытса да шыдас бермеді. Өйткені дерттің күші уақыт өткен сайын күшейе берді.

– Жалпы көп ауыра бермейтінмін. Бірақ бала кезде сары аурумен ауырып қалғаным есімде. Содан жылдар өте бауырым мазалап, дәрігерге тексерілуге тура келді. Алматыға барып қаралғанымда ота жасау керектігі айтылды, – деді Бақытжан өткен шақты еске алып. Яғни денсаулық сақшылары кейіпкерімізге бауыр алмастыру қажеттігіне тоқталған. Ал ол үшін бауыры сәйкес келетіндей донор табу керек.

Бақытжанның доноры кім?

«Соңы қалай болар екен?» деген Бақыт­жанның уайымы көпке созылмай сейілді. Себебі доноры табылды. Ол – өзінің туған інісі Назарбек Молжігітұлы. Інісінің бауыры сәйкес келіп, 2014 жылы Алматы қаласында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хи­рургия орталығында ағайындыларға ота жа­салды. Отандық медицинаның озық техноло­гиясы мен білікті мамандардың арқа­сында ота сәтті аяқталады.

Бауырының көп бөлігін ағасына берген Назарбек:

 – Шынымды айтсам, мен бірден келістім. Қайта менің бауырым сәйкес келгеніне қуандым. Сол сәтте маған бәрінен бұрын ағамның денсаулығы, өмірі маңызды болды. Отаға дейін де, отадан кейін де екеуіміз біраз күтіндік. Оңай болмады. Бірақ қазір осы қиындықтың бәрі артта қалғанына қуанып, шүкіршілік етемін. Өмірде бәріміз үшін бауырдың, ағайынның амандығынан артық байлық жоқ екеніне көзім жетті, – деді ағасын аман алып қалған бауыры.

Бүгінде ағайынды Бақытжан мен Назарбектің денсаулықтары жақсарған. Тек жылына бір рет жаңа бауырға ие болған Бақытжан Алматыға барып, тексеріліп тұрады.

– Жалпы дәрігерлер тарапынан бауыр ал­мастырған да, бауырын берген екі жаққа да жақсы күтініп жүру керектігі тапсырылды. Өзім жыл сайын Алматыға барып тексерілуден өте­мін. Арнайы УЗИ аппаратына түсемін. Үне­мі нәтижесі оң болады. Алдымен құдайға шүкір, сосын інімнің арқасында денсаулығым қалып­қа келді, – деп Бақытжан өз бауырына алғы­сын білдірді. Ал бауырының біраз бөлігін берген Назарбектің де осы күні бауыры қайта қалыпқа келген. «Ағайын – ағайынның айна­сы» дегендей, екеуінің арасында көпке үлгі болар­лықтай жылылық, нағыз бауырға лайық сезім байқалады.

Екі жігіттің әңгімесін естіген кезде мына бір аңыз еске түсті… Бәлкім оны естіген де боларсыз.

Бауыр туралы аңыз бар

Ертеде жаугершілік заманда бейқам отырған ауылды жау шабады. Жау жақындап келіп қалды дегенде, қолы жеткендері бір-бір атқа қонады. Алды-артына қарамай бір пақырың қашып бара жатқанда алдынан баласы мен туған бауыры қатар шығады. Сонда баласы әкесін өзімсініп, атқа қарғып мініп, мінгесіп алады. Ал дәл ал­дын­да тұрған бауыры болса жаутаңдай: «Мен жаудың қолында қалып барамын» дегендей аянышты көзбен қиыла қарайды. Қысылтаяңда бауыр мен баланы таңдау сынға түседі. Бауыр дегенде ет жүрегі елжіреген әлгі пақырың ар­тына мінгескен ұлына бұрылып: «Атасы басқа аттан түс» деп баласын түсіріп, бауырын алып кеткен екен дейді.

Міне, бауырдың қаншалықты жақындығын осыдан біле беріңіз.

Бауырмалсыз ба, әлде безбүйрексіз бе?

Қазақта «Бір анадан ала да, құла да туады» деген сөз бар. Расында да, бір анадан туған әр бала әртүрлі болып өседі. Бірі өз бауырына бәрін беруге дайын бауырмал болса, екіншісі ойланып қалуға, берместің амалын жасауға даяр безбүйрек болады. Бүгінде адамның көлеңкесі секілді жеткізбейтін қу дүниенің соңынан қуып, ешкімге мән бермей, тек өзі үшін өмір сүретіндері қаншама. Тіпті ағайынның амандығынан бұрын оларға қолындағы байлығы артық көрінетіндері тағы бар. Енді бірі болмашы нәрсеге араздасып, туыстық тамаша сыйластыққа сызат түсіретіндері де табылады. Ал соңында өзі айналасындағы қоғамнан, жанындағы жақынынан, бір құрсақтан шыққан бауырынан ұзақтап, жалғыздыққа ұшы­рағанын сезбей қалады.

«Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды» деген осы. Бойындағы бауыр етін бауырына бермек түгілі бес күндік өмірде бір-біріне жылы қабақ танытып, жарқын жүзбен жарқырап отырмайтын бауырлардың бары өкі­нішті. Сондай да дүние үшін жоғалтпағын бауыр­ды дегіміз келеді. Өйткені дүниенің орнын тол­тыра аласыз. Ал бауырды таба алмайсыз.

Тілші түйіні:

Иә, «Бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» дегендей, дастарқандағы дәмімен ғана емес, ағасы үшін өз бауырымен де бөліскен қазақтың Назарбектей асыл азаматтары көбейе берсе екен дейміз. Бауырдың қадірін білетін Назарбек төрт ағайынды.

Бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңырақ иелері. Ата-әже, әке-ана тәрбиесін көрген бауырлар осылай тату-тәтті өмір кешіп келеді. Алла оларды осындай керемет сыйластықтан ажыратпай, ұрпақтарымен әдемі әрі ұзақ өмір сүрсінші деп тілейміз. «Бауырың бүтін болсын» деген осы болар, сірә…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: