Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-ресурстарды және әлеуметтік желілерді күнделікті мониторингтеу арқылы тағамға биологиялық белсенді қоспалардың (бұдан әрі – ББҚ) айналымын, оның ішінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуын бақылауды қамтамасыз етеді.
ББҚ мамандандырылған тамақ өнімдеріне жатады және дәрілік зат болып табылмайды. Азық-түлік өнімі ретінде ББҚ Еуразиялық экономикалық одақтың «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (ЕАЭО ТР 021/2011) және «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» (ЕАЭО ТР 022/2011) техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Қазақстан Республикасының аумағында ББҚ-ларды әкелу және өткізу Еуразиялық экономикалық одақтың мамандандырылған тамақ өнімдерінің бірыңғай тізілімінде тіркелген мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Тұтынушылар ББҚ-ды сатып алмас бұрын олардың мемлекеттік тіркеуден өткен-өтпегенін Кеден одағының ресми сайтында орналастырылған Бірыңғай тізілім арқылы тексеріп алғаны маңызды. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін.
Тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында тіркелмеген тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасына, сондай-ақ оларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді өнім ретінде ұсынуға тыйым салынады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармалары тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және интернет-сайттар арқылы тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мониторингтің негізгі мақсаты – мемлекеттік тіркеуден өтпеген өнімдердің айналымына жол бермеу.
2025 жылы әлеуметтік желі арқылы барлығы 140 жарнама таратушы мониторингпен қамтылды. Нәтижесінде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың 104 атауы бойынша заң бұзушылықтар анықталды, яғни аталған өнімдерде арнайы мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болмаған. Анықталған бұзушылықтар бойынша жарнама таратушы тұлғаларға 14 ұсыным хат жолданып, әлеуметтік желілердегі парақшаларды бұғаттау мәселесі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға қызметтік хаттар жолданды. Нәтижесінде талаптарға сай келмейтін жарнамалар алынып, 5 парақша бұғатталды. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
