Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді күнделікті мониторингтеу арқылы мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы бөлігінде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) айналымын бақылауды қамтамасыз етеді.
Бұл қоспа мамандандырылған азық-түлік өнімдеріне жатады және дәрілік зат болып табылмайды. Азық-түлік өнімі ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (ЕАЭО ТР 021/2011) және «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» (ЕАЭО ТР 022/2011) техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздіктің гигиеналық талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Ішкі нарықта тұтынушыға сату үшін ұсынылған барлық биологиялық қоспалар қауіпсіз болуы тиіс, оның дәлелі мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің бар болуы.
Осыған байланысты бұл өнімдерді әкелу және өткізу Еуразиялық экономикалық одақтың Мамандандырылған тамақ өнімдерінің бірыңғай тізілімінде тіркелген мемлекеттік тіркеу куәлігі болған кезде жүзеге асырылуы тиіс.
Тұтынушылар денсаулықты жақсарту немесе күнделікті тағамды табиғи немесе табиғи биологиялық белсенді заттармен қанықтыру мақсатында қосымша осы қоспаларды кеңінен қолданады. Осыған байланысты тұтынушыларға өнімді сатып алғанға дейін тексеруді, яғни Кеден одағының сайтында мемлекеттік тіркеу куәлігінің Бірыңғай тізілімде тіркелуін тексеруді ұсынамыз, себебі мемлекеттік тіркеуден өтпеген болса, күмәнді, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін қауіпті болуы ықтимал.
Жыл басынан бері облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларымен 138 жарнама таратушы мониторингпен қамтылды, оның ішінде телеарналар арқылы 2, газеттер арқылы 2, Instagram әлеуметтік желісі арқылы 134 жарнама анықталды. Оның ішінде биологиялық белсенді қоспалардың 109 атауы бойынша бұзушылықтар анықталды, яғни арнайы мемлекеттік тіркеу куәлігі болмаған. Аталған бұзушылықтар бойынша жарнама таратушы тұлғаларға ұсыным хаттар жолданып, әлеуметтік желі парақшаларын бұғаттау бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитетіне хаттар жолданды.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!