Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді күнделікті мониторингтеу арқылы мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы бөлігінде тағамға биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) айналымын бақылауды қамтамасыз етеді.
ББҚ мамандандырылған азық-түлік өнімдеріне жатады және дәрілік зат болып табылмайды. Азық-түлік өнімі ретінде ББҚ Еуразиялық экономикалық одақтың «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (ЕАЭО ТР 021/2011) және «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» (ЕАЭО ТР 022/2011) техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздіктің гигиеналық талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Ішкі нарықта тұтынушыға сату үшін ұсынылған барлық ББҚ-лар қауіпсіз болуы тиіс, оның дәлелі мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің болуы.
Елімізде ББҚ-ларды әкелу және өткізу Еуразиялық экономикалық одақтың Мамандандырылған тамақ өнімдерінің бірыңғай тізілімінде тіркелген мемлекеттік тіркеу куәлігі болған кезде жүзеге асырылуы тиіс.
Тұтынушылар денсаулықты жақсарту немесе күнделікті тағамды табиғи немесе табиғи биологиялық белсенді заттармен қанықтыру мақсатында ББҚ-ларды кеңінен қолданады. Осыған байланысты тұтынушыларға ББҚ-ны сатып алғанға дейін мемлекеттік тіркеу куәлігінің бар-жоқтығын Кеден одағының сайтында орналасқан Бірыңғай тізілімнен тексеруді ұсынамыз. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін қауіпті!
Тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында тіркелмеген тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасына және тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамада бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларымен БАҚ, әлеуметтік желі, интернет-сайттар арқылы биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасына мониторинг тұрақты жүргізіледі. Мұндағы мақсат – мемлекеттік тіркеуіден өтпеген өнімдердің айналымына тосқауыл қою.
Жыл басынан бері 26 жарнама таратушы мониторингпен қамтылды, бұқаралық ақпарат қүралдары арқылы – 4, Instagram әлеуметтік желісі арқылы – 22 жарнама. Оның ішінде биологиялық белсенді қоспалардың 104 атауы бойынша бұзушылықтар анықталды, яғни арнайы мемлекеттік тіркеу куәлігі болмаған. Аталған бұзушылықтар бойынша жарнама таратушы тұлғаларға 14 ұсыным хат жолданып, әлеуметтік желі парақшаларын бұғаттау бойынша тиісті мемлекеттік органдарға қызметік хаттар жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Ерлан Ұзақбаев,
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!