Биологиялық белсенді қоспалар – бұл адамның денсаулығына пайдалы әсер ету үшін қолданылатын өнімдер, олардың құрамында дәрумендер, минералдар, аминқышқылдары, ферменттер, өсімдік және басқа да табиғи компоненттер болуы мүмкін.
ББҚ-ның дұрыс қолданылуы бойынша бірқатар талаптар белгіленген, олар денсаулыққа қауіпсіз және тиімді болуын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда биоқоспаларды тіркеу нормативтері айтарлықтай қатаң. Биоқоспалар қауіпсіз болу үшін міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізіледі. Қазақстан аумағында сатылып жатқан барлық ББҚ өнімдерінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәлігі болуы тиіс. Куәлікте оның қауіпсіздігі ғана көрсетілмейді, сонымен қатар ол сәйкестендіріледі. Егер ББҚ дәрумен немесе минералдар деп жазылса, сол заттардың бар-жоғын анықтау мақсатында арнайы зерттемелер жүргізіледі. Құрамында көрсетілген заттар сәйкес болса ғана зертхана арнайы хаттамаға енгізеді.
Тіркеуі жоқ қоспалар интернет дүкендерде немесе өзгеде сауда орындарында сатылмауы керек. Себебі ол мемлекеттік тіркеуден өтпесе контрабандалық өнім болып есептеледі. Сондықтан биоқоспаны сатып алар кезде тіркелу куәлігін талап етіңіз.
ББҚ-ларды тіркеу үшін қандай мәліметтер талап етіледі:
- өнімнің атауы, шығару нысаны;
- дайындаушының тауарлық белгісі (бар болған жағдайда);
- олардың құрамына кіретін компоненттердің, тағамдық құндылықтардың (энергетикалық құндылығы, физиологиялық тәуліктік қажеттілікке шаққандағы проценті көрсетіле отырып, ақуыздардың, майлардың, көміртегілердің, витаминдер мен микроэлементтердің болуы, аминқышқылдарының құрамы, биологиялық белсенді заттардың болуы) нақты мөлшерін (грамм, миллиграмм, миллилитр, проценттік арасалмағы) көрсетіле отырып, ингредиенттік құрамы туралы мәліметтер;
- тамаққа биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттері туралы мәліметтер, қолдану жөніндегі ұсынымдар;
- талаптарына тамаққа биологиялық белсенді қоспалар сәйкес келуге тиіс нормативтік құжаттың атауы;
- шығарушының, бөлшектеп салушының және ораушының атауы (фирмалық атауы), орналасқан жері (заңды мекенжайы);
- оралған бірліктердің (салмағы немесе көлемі) номиналдық саны, дозаларының мөлшері мен олардың номиналдық саны (салмағының немесе көлемінің);
- партиясының нөмірі, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары;
- тамаққа биологиялық белсенді қоспаның дәрі еместігін көрсету;
- нөмірі мен күнін көрсете отырып, тамаққа қойылатын биологиялық белсенді қоспаны мемлекеттік тіркеу туралы ақпарат;
- аурулардың жекелеген түрлерінде қолдану үшін қарсы көрсетілімдері туралы мәліметтер.
Егер күнделікті рационда биологиялық белсенді қоспаларды қолдануға бел бусаңыз биологиялық белсенді қоспаны сатып аларда Қазақстандағы мемлекеттік тіркелуін тексеруді ұмытпаңыз. Кез келген өнім сияқты ББҚ міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Елімізде ББҚ мемлекеттік тіркеуді/қайта тіркеуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүзеге асырады. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен берілетін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік құжатының болуы биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігін растау болып табылады.
2024 жылдың қорытындысымен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларымен 57 жарнама таратушы мониторингпен қамтылды, оның ішінде жергілікті телеарналар арқылы 2, Instagram әлеуметтік желісі арқылы 53 және TikTok әлеуметтік желісі арқылы 2 жарнама анықталды. Оның ішінде биологиялық белсенді қоспалардың 146 атауы бойынша бұзушылықтар анықталды, яғни арнайы мемлекеттік тіркеу куәлігі болмаған. Аталған бұзушылықтар бойынша жарнама таратушы тұлғаларға 41 ұсыным хат жолданып, әлеуметтік желі парақшаларын бұғаттау бойынша тиісті мемлекеттік органдарға қызметік хаттар жолданды.
Гүлмира Сыздықова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!