Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 22:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ботулизмнен сақтану жолдарын біле жүріңіз

11.12.2024

220 0

Сурет: ru.wikipedia.org

Ботулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады. Токсин – органикалық улардың ең күштілерінің бірі.

Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді. Оны 10-20 минут қайнатқанда бұзылады, сондай-ақ ол натрий хлориді концентрациясы көп ортада жақсы сақталады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем- шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжық, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады. Яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әртүрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді. Салдарынан қақпағы көтеріледі, оны «бомбаж» деп атайды.
Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілері байқала бастайды. Сондай-ақ көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді. Науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады (афония).
Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен науқасты ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет. Бұл аурудан сақтану үшін азық-түліктерді өңдегенде, тасымалдағанда, сақтағанда, дайындағанда, соның ішінде үйде консервілегенде санитариялық-гигиеналық ережелерді мұқият сақтау қажет. 2024 жыл басынан бері Қызылорда облысы көлемінде ботулизм ауруы тіркелген жоқ.
Ботулизм ауруының алдын алу жолдары:
– Санитариялық тазалықты сақтау. Тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң бақылап, консервіленген өнімдердің сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда болмауын қамтамасыз ету. Жалпы консервіленген тағамдардың бәрін төменгі температурада сақтап, қолданар алдында 40-30 минут бойы қайнатып алған дұрыс. Сонымен қатар үлкен ыдыстарда, көп мөлшерде тұздалған тағам дайындау қауіпті. Өйткені оның түбінде ауасыз жағдай қалыптасып, ботулизм токсині түзілуі мүмкін.
– Қалай дайындалғандығы белгісіз, жарамдылық мерзімі көрсетілмеген, ұзақ сақталған тағамдарды кездейсоқ жерден сатып алмау қажет және консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы ісінген (бомбаж) және «бұлыңғыр » түрдегі өнімдерді пайдаланбаған дұрыс. Егер күдікті тағамды ішкен кезде және аурудың белгілері пайда болса, тез арада дәрігерге қаралу қажет.

Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: