Қызылорданың көп бейінді қалалық ауруханасында жыл сайын тізе және жамбас буындарын алмастыру бойынша 100-ге жуық ота жасалады. Хирургиялық араласудан бастап медициналық оңалтуға дейінгі барлық емдеу кезеңдері МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылған азаматтарға тегін қолжетімді.
Қызылорда қаласының тұрғыны Айнагүл Қунарова тізе буындарының ауырсынуынан он жыл бойы зардап шеккен. Диагноз – остеоартроз. МӘМС аясында пациентке жоспарлы түрде тізе буынына эндопротездеу отасы жасалды.
– Ауруханаға Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы түстім. Сол аяқтың тізе буыны алмастырылды. Ауырсыну басылды, жағдайым жақсы. Қазір оңалтудан тегін өтіп жатырмын, алда – екінші кезеңі. Баршаға МӘМС жүйесінде сақтандырылуға кеңес беремін, барлық медициналық көмек қолжетімді болады, – деді Айнагүл Қунарова.
Эндопротездеу – ең жиі жасалатын ортопедиялық оталардың бірі. Бұл отада зақымдалған буын жасанды имплантпен алмастырылады. Аталған жоғары технологиялық оталар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.
– Біздің ауруханада жыл сайын МӘМС аясында осындай 100-ге жуық ота жасалады. Бір отаның құны – шамамен 1,6 млн теңге. Отадан кейін пациенттер стационарлық оңалтудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі арқылы тегін қолжетімді, – деп атап өтті көп бейінді қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Еркебұлан Молданазаров.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!