Былтырдан бері коронавирус инфекциясымен Сыр өңірінде 19422 науқас тіркеліп, 18907 емделіп шықты. Аймақта 26 желтоқсанда 2 жағдай тіркелді. Оның біреуі жаңа ошақ, екіншісі қарым-қатынас арқылы жұқтырған.
Облыс бойынша I компонентпен 414282 адам (91,6%) вакцина салдырса, II компонентпен 376317 адам (83,2%) егілді. Сондай-ақ 15-қараша 27 желтоқсан аралығында «Pfizer» вакцинасын алғандар саны 14063 адамға жетті. Оның ішінде он мыңнан астамы жасөспірімдер мен 1207 жүкті, 1437 босанған аналар салдырды.
Қазіргі кезде елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ел ішінде «қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Бүгінде «омикрон» штамы әлемді алаңдатып, дүрліктіруде. Бұл штамм біздің елге келген жоқ. Алайда аталған штамм тіркелген елдерден Қазақстанға қанша адам күніне кіріп-шығуда. Мәселен, Түркияда коронавирус инфекциясының «омикрон» штамын жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. Атап айтсақ, бір жағдай Ыстамбұлда, ал қалған бесеуі Измирдің Батыс провинциясында тіркелген. Бір қызығы жаңа штамм жұқтырған науқастың ешқайсысы ауруханаға жатқызуды қажет етпеген. Себебі олардан оның симптомы аз білінеді. Сондықтан науқастар ешқандай мәселесіз амбулаториялық бақылауға алынды. Сондай-ақ көршілес ел Ресейде де жаңа штамның белгілері анықталған.
Ресеймен арадағы рейстер сол қалпында тұр. Өйткені ресми деректер бойынша, онда жиырма шақты ғана жағдай тіркелген. Шетелден келген саяхатшылар талдауы зерттелуде. Сол себепті әуе рейстерді жабу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Африка континентінде кең тараған штамды ескеріп, соло елдермен және Гонконгпен әуе рейстері тоқтатылады, – деді бас санитарлық дәрігер Ж.Бекшин.
Бір айта кетерлігі ДДҰ коронавирустың жаңа түрі «дельтаға» қарағанда жылдамырақ тарайды деп мәлімдеді. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та ескертіп, мемлекеттік шекарадан өту пункттерінде бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
Жаңа «омикрон» штамының белгілері бас ауруы мен қатты шаршау, дененің құрысып, сырқырап ауруын тудырады екен. Осыған орай ДДҰ шет елдіктерді жаңа жылдық кештерді өткізбей, көп шоғырланатын жерге бармауды ескертті. Мәселен, АҚШ-та «омикрон» штамын жұқтырғандардың саны екі күн сайын еселеп артуда. Бұл елде жаңа штамды жұқтыру саны бір аптада 8-10 проценттен 73 процентке дейін өсті. Ал Еуропалық одақ елдерінің үкіметтері «омикрон» штамының тез таралуына байланысты шектеу шараларын енгізуде. Әсіресе, Ұлыбритания астанасында күніне шамамен 25 мың инфекция жұқтыру деректері анықталуда. Лондонда төтенше жағдай режімі енгізілді. Осы уақытта Франция мен Германия британдықтардың өз мемлекеттеріне кіруіне тыйым салды. Бүгінде Ұлыбритания азаматтары үшін 40-тан астам ел жабылды. Осындайда қазақтың «Сақтансаң сақтайды» деген сөзі еске түседі.
А.ҚАДЫРХАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!