Соңғы кезде жер-жаһанға жайылып, адамзатты көктей солдырған коронавирус індетінің беті бері қарап, халық мамыражай өмірін қайта бастағандай еді. Еліміздегі соңғы оқиғалардың салдарынан шетелді алаңдатқан вирустың жаңа түрі «Омикрон» штамы Қазақстанды да айналып өтпеді.
Оңтүстік Африкадан бастау алған бұл вирустың жылдамдығы соншалықты еліміздің ірі қалаларында эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлады. Бүгінде оған «Омикрон» штаммы Sars-Cov-2 вирусының таралуы себеп болып отыр. Бұл штамм елімізге шетелден келген азаматтардан анықталып отыр. Олардан алынған ПТР сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Сондай-ақ әрбір өңірдегі шеруге шыққан халықтың бір жерге топтасып жиналғаны да «Омикрон» штамының таралуына әкеп соқты. Бір өкініштісі халық қорғаныс шараларын елемей, масқа режимін сақтамауда. Соның салдарынан Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа өтті. Сонымен қатар Шымкент және Алматы қалалары «сары» аймақта тұр. Қалған 14 өңір «жасыл» аймақта орналасқан. Жалпы Қазақстан Республикасы – «сары» аймақта.
Соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар елдің 11 өңірінде байқалып отыр. Ел бойынша ауру 1,4 есе өсті. Тәулігіне коронавирустық инфекцияның 1510 жағдайы тіркелді. Бұл жағдайдың 75 проценті 3 өңірге тиесілі. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында – 798, Алматы қаласында – 196, Шымкент қаласында – 118 жағдай тіркелді. Ал Қызылорда да 22 науқас коронавирус дертін жұқтырған.
– Бүгінде «Омикрон» штамы Алматыда 7-і, Астанада 1-і, Ақтөбеде 1-і тіркелді. Қызылорда да бұл штамм түрі әзірге тіркелген жоқ. Десе де Оңтүстік африкалық дәрігер Анжелика Кутзи науқастардың арасында жастар және де тамыр соғысы өте жиі алты жасар бала болғанын айтады. Олардың ешбірінде иіс пен дәм сезбеу болмаған. Тағы бір дәрігер Рудо Матива ауруханаға ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі 20-30 жастағы жастар түсіп жатқанын, олардың кейбіріне интенсивті терапия қажет екенін мәлімдеді. Вакциналау және иммунизациялау комитетінің мүшесі және профессор Адам Финн оңтүстік африкалық науқастардың белгілерін талдай отырып дәм мен иіс сезу жоғалмайтынын, бірақ шаршау, жүрек қағысының жиілеуі байқалатынын атап өтті. «Дельтаға» қарағанда «Омикрон» басқа да белгілер тудыруы мүмкін деген болжам бар. Ал жөтел, дене қызуы, дәм мен иіс сезбеу назар аударатын әдеттегі белгілер болып қала береді. Басқа штамдар жеті немесе оданда көп күнде анықталса, «Омикрон» штамының белгісі үш күннің ішінде білгілі болады. Әсіресе бұл штамм кішкентай балаларда көптеп кездесуі мүмкін. «Омикрон» басқа штамдарға қарағанда 70 процентке дейін жылдам тарайды. Сондықтан барынша сақ болған абзал. Дегенмен аймақтарда әлі күнге дейін «Дельта» коронавирустық инфекцияның
штамының таралуы басым, – деді Қызылорда қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Жұмабекова.
Осыған орай сала мамандары қазақстандықтарды алдын алу шараларын сақтауға, бұқаралық шараларға қатыспауға, әлеуметтік қашықтықты сақтап, масқа режимін қатаң түрде ұстауға шақырады. Сондай-ақ қазір нақты алдын-алу шараның бірі, ол – вакцинация және ревакцинация екенін баса айтты.
Алдағы уақытта карантин талабы артса, «Шақырған жерге барма» деген бүгінгінің мәтелі қайта күшіне енуі мүмін. Себебі жау жағадан алып, жаңа штамм қос өкпені қыса түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан «Сақтансаң сақтайды» деген сөзді жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!