Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілісте дәрі-дәрмек сатып алу тәртібін қалай өзгертетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ ведомство басшысы пациенттерді дәрімен қамтамасыз етудегі үзілімдерді қалай қысқартатындарын айтты.
Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты «СК-Фармация» арқылы жылдар бойы шешілмей келе жатқан созылмалы проблемаларға тоқталып, кей өңірлерде пациенттердің дәріні бірнеше ай бойы ала алмайды деп отыр.
Сонымен қоса алғаш анықталған науқастарды, оның ішінде сирек ауруы бар пациенттерді дер кезінде дәрімен қамтамасыз ету қалай жолға қойылатынын және өтпелі кезеңде қандай шаралар қарастырылғанын сұрады.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе расымен өте күрделі.
Жыл сайын дәрі жетіспеушілігіне қатысты қиындықтар болады, біз мұны мойындаймыз. 2025 жылы осы бағыттағы бірқатар мәселені шештік. Біріншіден, тұрақты сақталуы тиіс дәрілік қордың жоқтығы. Биыл Үкімет қаулысымен «СК-Фармация» кірістің бір бөлігін міндетті түрде аудару талаптарынан босатылды, бұл – 20,6 млрд теңге. Қазір тұрақты қор қалыптастырылды. Бұл бізді жылдың басында болғандай жеткізілімдердің үзілуінен сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл мәселені кешенді түрде шешіп жатырмыз, – деді министр.
Пайымдауынша, алғаш анықталған пациенттерге қатысты бұған дейін жеке жоспарлау қолданылған.
Тарихи қалыптасқан көлем бойынша ғана жоспарлайтын едік. Биыл тиісті әдістеме бекітілді. Біз сатып алу көлемін пациенттердің нақты санына қарай 10–12% өсіммен жоспарладық. Бүгінде барлық сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Бұған қоса, жалпы қаржыландыру көлемі де артып отыр. Егер биыл шамамен 270 млрд теңге болса, келесі жылы персонфикацияланған тәсілдің енгізілуімен 346 млрд теңгеге дейін өседі. Осы шаралардың бәрі жаңадан тіркелген пациенттерді дәрімен үздіксіз және жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сатып алу механизміне келсек, кеше Үкімет отырысында баяндап өттік: өткен жылы нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде сатып алудың тиімділігі бірнеше есе артты, бұл тікелей экономикалық үнемге әкелді, – деді Әлназарова.
Министр сондай-ақ 36 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген, әрі бұл – тек үнемнің бір бөлігі ғана екенін алға тартты.
Жыл соңына дейін үнем бұдан да көп болады деп отырмыз. Себебі біз ең алдымен өндірушілерден тікелей сатып алуды көбейттік. Баға саясатын да қайта қарадық. Осы тетіктердің бәрі нормативтік-құқықтық актілерде бекітілді және қазір іске асырылып жатыр. Бұл мәселе біз үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Қосымша сіздерге жүргізілген жұмыс пен 2026 жылға арналған жоспарларды таныстырып бере аламыз, – деп түйіндеді министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
