Қазақстандықтар дәрі-дәрмек қымбатшылығына арнайы мобильді қосымшасы арқылы шағымдана алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Қазақтелеком» АҚ компаниясымен бірлесіп Naqty Onim (Нақты Өнім) мобильді қосымшасы арқылы дәрілік заттардың шекті бөлшек бағаларын көрсететін функционалы енгізілді. Енді, дәрі-дәрмектерді сату ережелері бұзылған жағдайда аталған мобильді қосымша арқылы министрлікке шағым түсіре алады, – деп атап өтті вице-министр.
Айтуынша, республикалық бюджет есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді.
Бұл көрсеткіш 2020 жылдан 2025 жылға дейін 48%-ға өсіп, 115 млрд-тан 262 млрд теңгеге дейін жетті. Биыл 10 айда 3 млн пациент жалпы сомасы 219,7 млрд теңгеге тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және медициналық ұйымдардың қоймаларын уақытылы толықтыру мақсатында Бірыңғай дистрибьюторда жалпы сомасы 21 млрд теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне енгізілген өзгерістерге тоқталсақ, мұнда тек қаржыландыру көзі ғана өзгерді, – деді Тимур Мұратов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
