Сәрсенбі, 19 қараша, 20:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Дәрігер: Ана сүті – нәрестенің алғашқы вакцинасы

19.11.2025

53 0

Фото: Артём Чурсинов - архив

Ана сүті – жаңа туған сәбиге табиғат берген ең толыққанды әрі баға жетпес тағам. Оның нәрестеге пайдасы туралы Астана медицина университеті, Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алғашқы алты айда баланы тек емшек сүтімен қоректендіруді, ал екі жасқа дейін емізуді жалғастыруды ұсынады. Өйткені ана сүтінің құрамы баланың жасына қарай өзгеріп, әр кезеңде оған ең қажет қоректік заттарды табиғи түрде ұсынып отырады. 

Ана сүтінің өзге тағамдардан басты ерекшелігі – оның «тірі» әрі күрделі биологиялық құрылымы. Сүттің құрамындағы элементтер тәуліктің уақытына, ананың тамақтануына және нәрестенің жасына қарай өзгеріп отырады. Осы қасиетінің арқасында ол әрдайым балаға ең қолайлы, ең пайдалы тағам саналады, – дейді дәрігер.

Айтуынша, ана сүтін мамандар «нәрестенің алғашқы вакцинасы» деп те атайды.

Себебі оның құрамында IgA, IgG, IgM сияқты антиденелер бар. Олар баланы тыныс жолдарының инфекцияларынан, ішек ауруларынан, түрлі вирус пен бактериядан қорғайды. Зерттеулерге сүйенсек, емшек еметін балаларда құлақ қабынуы, тұмау, іш өту және пневмония сияқты аурулар 2–3 есе сирек кездеседі. Ана сүтіндегі май қышқылдары – ми жасушаларының негізгі құрылыс материалы. Ғалымдар емшек сүтімен қоректенген балалардың IQ деңгейі жоғарырақ болатынын, есте сақтау және тіл үйрену қабілеті жақсы дамитынын анықтаған. Нейрондар арасындағы байланыстар да жылдамырақ қалыптасады, – деп атап өтті Жанна Нұрберген.

Сондай-ақ ана сүті нәрестенің әлсіз ас қорыту жүйесіне дәл бейімделген. Ол іш қатуды жеңілдетеді, іш кебудің алдын алады, аллергия қаупін азайтады және баланың ішек микробиомының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

Ұзақ мерзімді ғылыми деректер ана сүтімен қоректенген балаларда семіздік, диабет (1 және 2 тип), бронх демікпесі, аллергия және қан қысымының жоғары болуы өте сирек кездесетінін көрсетеді.

Бұл – сүт құрамындағы метаболизмді реттейтін биологиялық белсенді заттардың әсері. Емшекпен емізу тек бала үшін емес, ана үшін де пайдалы. Емізу босанғаннан кейін жатырдың тез жиырылуына көмектеседі, қан кету қаупін азайтады, артық салмақтың табиғи жолмен төмендеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар сүт безі мен аналық без қатерлі ісігі қаупін төмендетеді. Емізу кезінде бөлінетін окситоцин гормоны ананың эмоциялық жай-күйін тұрақтандырады, – деді дәрігер.

Ең маңыздылардың бірі – ана мен бала арасындағы ерекше психологиялық байланыс. Емізу кезінде бала өзін қауіпсіз сезінеді, ал ана мен сәби арасындағы сезімдік үйлесім күшейе түседі.

Ана сүті – сәбидің денсаулығы үшін ең табиғи, ең толыққанды және ең қорғанышты тағам. Оның пайдасы баланың да, ананың да болашағына ұзақ мерзімді оң әсер береді. Ана сүті – баланың өмір бойғы денсаулығының берік негізі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: