Сенбі, 06 қыркүйек, 03:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№67,2180
06.09.2025
PDF мұрағаты

Денсаулықты күтіну – ең жеңіл қадам

06.09.2025

42 0

Дені сау адам – бәрінен бай адам. Бұл халық даналығы ғасырлар бойы өмір тәжірибесінен алынған маңызды ұстанымды білдіреді. Яғни, адамның денсаулығын сақтап қалу – кез келген аурумен күрескеннен әлдеқайда тиімді әрі жеңіл. Бірақ көпшіліктің сол жеңіл қадамға бармай, ақырында ауырып, ем іздейтіні қынжылтады.

– Мемлекет тарапынан жас ерек­шеліктері мен ауру түріне байланысты арнайы скринингтен тегін өту қарас­тырылған. Жыл сайынғы профилак­тикалық тексеру – ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қан қысымын, қант мөлшерін, холестеринді бақылау – жүрек пен қантамыр ауруларын болдырмауға көмектеседі. Өкінішке қарай, көбі тек ауруы асқынған соң дәрігерге қаралады. Бірақ соңғы жылдары ақпараттық насихаттың арқасында жастардың да санасы оянып келе жатыр. Тек денсаулық сыр бергенде емес, әртүрлі аурудың алдын алу үшін тексеріліп жүрген жөн, – дейді Қызылорда теміржол емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Назгүл Әбдіқадыр.

Жас ағзаны зиянды заттармен улап, денсаулығына қиянат жасап жүргендерге кері әсерін айтып та жүрміз. Бірақ бұл темекіден зардап шегетіндердің санын азайтпақ емес. Паспорттық жасы отызда болса да, биологиялық түрі елуге таяп қалғанын байқаймыз. Дәрігерден күнделікті өмірде қандай шараларды қолдануға болатынын сұрап білдік.

– Қазір біз технология дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы ата-әжелеріміз секілді мал бағып, тіпті киімді де қолмен жумаймыз. Автомат өзі жуып береді, не керектің бәрі бар. Осының барлығы адамның қимыл-қозғалысын күрт азайтып жіберді. Күніне он мың қадам жүрген денсаулыққа пайдалы. Таза ауада серуендеу, дұрыс ұйқы, дене белсенділігі – иммунитетті нығайтудың басты шарты. Аптасына кемінде 3-4 рет спортпен айналысу жүрек жұмысын жақсартып, иммунитетті күшейтеді, көңіл-күйді реттейді. Жүгіру, жүзу, фитнес, йога сияқты қарапайым жаттығулар да ағзаға пайдалы. Темекі, алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту, өмір сүру ұзақтығын арттырады. Құнарлы, дәруменге бай, теңге­рімді тамақ ағзаны түрлі аурудан қорғайды. Фастфудтық өнімді, газды, тәтті сусындарды азайту аурудың алдын-алуға көмектеседі. Ата-баба­ларымыз қолдың еті мен сүтін ішіп тепсе темір үзер ұрпақ болып өсті. Қазір экологияның күшейген кезі ме, тамақтың құнары кеткенін де байқаймыз. Фастфуд, газдалған сусындар, қант пен тұз мөлшері көп өнімдерден барынша аулақ болған жөн. Балалар ағзасы әлі толық қалыптаспағандықтан, зиянды тағамдар олардың дамуына тікелей кері әсер етеді. Артық салмақ пен семіздікке әкеледі, иммунитетті әлсіретеді, асқазан-ішек ауруларын тудырады, зейіннің төмендеуіне, оқу үлгерімінің нашарлауына себеп болады. Ауру – астан. Ішкен тамаққа мән беріп, ағзаға күтіммен қараған жөн. Рационда міндетті түрде көкөніс, жеміс, дәнді дақылдар болуы керек. Тым тұзды, майлы, қуырылған тағамдардан бас тарту, күніне 1,5-2 литр таза су ішу, дәрумендер мен минералдар – әсіресе, А, С, D, темір мен кальций қабылдау ұсынылады, – дейді дәрігер.

Салауатты өмір салты – тек дене саулығы ғана емес, жан саулығы да екенін ұмытпаған абзал. Қазіргі қоғамда күйзеліс, мазасыздық, ұйқы бұзылуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда күніне 7-8 сағат ұйықтау, демалыс пен еңбек тәртібін үйлестіру, хобби сияқты жан тыныштығын арттыратын істермен ай­налысу ұсынылады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: