Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдап, азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қатысты жүйелі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттардың айтуынша, тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсетілетін консультациялық-диагностикалық қызметтер соңғы жылдары қолдан шектеліп отыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін енгізілгенімен, соңғы үш жылда денсаулық сақтау қызметінің құны 2,8 есеге өскен, ал қызмет сапасы мен қолжетімділігі 47 пайызға дейін төмендеген, – делінген депутат сауалында.
Мәжілісмендердің мәліметінше, азаматтардан жиі түсетін шағымдардың бірі – МӘМС пакетіне кіретін қызметтерге, соның ішінде ПЦР, ИФА, КТ және МРТ сияқты зерттеулерге ұзақ кезек күту.
Кейде тұрғындар бірнеше апта, тіпті айлап күтуге мәжбүр. Ал мұндай тексерулердің нәтижесі 10 күннен артық жарамсыз. Осы мерзімнен асып кетсе, медициналық ұйымдарға айыппұл салынады. Бұл қаншалықты қисынды? – деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ олар азаматтарды ақылы қызмет алуға мәжбүрлеу, жолдама алу кезінде шамадан тыс бюрократиялық кедергілер мен жүйесіздік бар екенін сынға алды.
Медициналық мекемелердің мүмкіндігі бола тұра, тұрғындарды ұзақ күттіру және қажет емес мамандарға міндетті түрде жолдама беру әдетке айналған, – деді Әуесбаев.
Мәжіліс депутаттары консультациялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті шектеу азаматтардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің беделін түсіретінін атап өтті.
Депутаттар бірқатар нақты ұсыныс келтірді:
• көрсетілген қызметтерге негізделген төлем жүйесіне көшу;
• медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін уақтылы өтеу;
• денсаулық сақтау саласын толық цифрландыру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау;
• қажетті қызмет 10 күн ішінде көрсетілмеген жағдайда пациентті басқа клиникаға еш кедергісіз ауыстыру;
• мемлекеттік клиникада қызмет көрсетілмеген жағдайда жеке клиникада емделуге мүмкіндік беру және оның шығынын МӘМС қоры есебінен өтеу.
Бұл қағидаттар қазақстандықтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалпына келтіруге ықпал етеді, – деп қорытындылады депутаттар өз сауалында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
