2024 жылғы шілдеден бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің №51 бұйрығымен денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге арналған лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын регламенттейтін «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілді. Яғни, дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтерін көрсететін барлық ұйымдар оны жүргізу құқығына лицензия алуға міндетті. Лицензияны беру аталған қызметтерді көрсететін объектінің орналасқан жері бойынша ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерімен жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру қызметі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап elicense.kz порталында автоматтандырылды.
Қызмет көрсету мерзімі жаңа лицензия алу үшін 15 жұмыс күнін және қолданыстағы лицензияны қайта ресімдеу үшін 3 жұмыс күнін құрайды.
Пайдаланушыға лицензия алу үшін:
- elicense.kz порталында авторизация жасау және «Денсаулық сақтау» бөліміне өту;
- қызметтер тізбесінен «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған лицензия беруді» таңдау;
- барлық қажетті өрістерді толтыру, файлдарды жүктеу және мемлекеттік бажды төлеу;
- ЭЦҚ/QR көмегімен қызметке қол қою қажет.
Мемлекеттік орган оң шешім шығарған жағдайда лицензия түріндегі рұқсат құжаты elicense.kz порталындағы пайдаланушының «Жеке кабинетіне» «Лицензиялар» модуліне жіберіледі. Өтініш бойынша бас тартылған жағдайда «Менің өтініштерім» модулінде дәлелді бас тартудың нәтижесі сақталады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңының 17-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсат алмай немесе тиісті хабарлама жібермей жүзеге асыруына болмайтындығын еске салады.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшысының міндетін атқарушы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!