Қазақстанда бұдан былай жасанды интеллект жалған рецепттерді анықтау үшін қолданылатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Таңбалау жүйесінде «жасанды интеллект – кеңесшісі» енгізіліп, ол нарық қатысушыларына таңбалау, айналым ережелері және заңнамалық талаптар бойынша автоматты түрде кеңес алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар таңбаланған дәрілік заттардың қозғалысын мониторингтеу және талдау үшін болжамды (предиктивті) аналитика енгізіліп, бұл айналымдағы тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді вице-министр.
Айтуынша, биылғы жылдың қаңтарынан бастап медициналық ұйымдардың «өз тарапынан» сатып алулары Электрондық қаржы орталығының веб-порталы арқылы электрондық форматқа көшірілген. Бұл 11%-ға дейін экономияға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Министрлік бірлесіп төлеу тетігін қолдану арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді «орталықсыздандыру» бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл тетік ерікті түрде жүзеге асырылады және қосымша төлем тек пациенттің қалауы бойынша қарастырылады. Жеке дәріхана желілері арқылы бірлесіп төлеуді пайдалана отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәртібі айқындалды. Жоба аясында пациенттерге өз қалауы бойынша дәрілерді таңдауға мүмкіндік беріп, жалпы алғанда 4 млн адамға дейін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, – деді Тимур Мұратов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
