Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.
Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы ауру адам түшкірген, сөйлеген кезде таралады. Егер адам бұрын-соңды қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін ауруды жұқтырып алу ықтималдылығы өте жоғары болады.
Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті. Қызылшамен ауырып, сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Бұл аурумен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді асқынуларға ұласуы мүмкін.
Қызылорда облысында қызылша ауруы бойынша бүгінгі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 2025 жыл басынан бері лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 104 жағдайы тіркелді, оның ішінде 95 дерек – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Науқастардың 75% қызылша ауруына қарсы екеп алмаған. Вакцинаның толық курсын алмағандығы себепті, иммунитет қалыптаспай, салдарынан ауруға шалдығу деректері де аз емес.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтауды, салауатты өмір салтын ұстануды, ауру белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін ұсынады.
Гульмира Сыздыкова,
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!