Жұма, 10 қаңтар, 02:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№1-(2114)
07.01.2025
PDF мұрағаты

Екпе – қызылшаға қарсы сенімді қорғаныс

09.01.2025

82 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Қызылорда облысында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, аурушаңдық көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. 2024 жылы лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 1557 жағдайы тіркелді. 1364 жағдай – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, оның ішінде 365 жағдай 1 жасқа толмаған сәбилер арасында орын алды. Ересек тұрғындар арасынан 193 науқас анықталды.
Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 72%-ын құрады, себептер әртүрлі – медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты, егілетін жасқа жетпеген, вакцинациядан бас тарту, сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен екпе алмау. Бұдан бөлек, 180 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алған.
2023 жылдың 06 қарашасынан бастап қызылшаға қарсы жаппай қосымша егу жұмыстары жүргізіліп, тиісті контингенттің 96%-ы екпемен қамтылып, нәтижесінде аурушаңдық әлдеқайда азайды. Атап айтқанда, былтыр соңғы дерек қыркүйек айында 1 жағдай тіркеліп, қазан-желтоқсан аралығында бірде-бір дерек орын алған жоқ. Бұл өз кезегінде иммундаудың аурудан қорғанудағы тиімді әрі сенімді қорғаныс екенін айқындай түседі.
Сондықтан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: