Жұма, 07 қараша, 12:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Ерте жүктілік: трагедия ма, әлде қалыпты жағдай ма?

07.11.2025

50 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Соңғы 9 айда 512 жасөспірімнің босану жағдайы тіркелді. Бүгінде ерте жастағы жүктілік басты назар аударатын, қоғам араша түсуі қажет мәселелердің бірі болып отыр. Себебі денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында босану жағдайы өткен жылы – 498-ді құраса, биыл 512-ге жетіп отыр. Бұл тек ресми тіркелгені ғана. Одан бөлек үнсіздікті жалау етіп жүрген жастар саны қаншама, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Себебі неде?

Басты себеп жыныстық сауаттылықтың әлі де жеткіліксіз болуы деп түсіну керек. Себебі көп ата-ана әлі күнге дейін бұл тақырыпқа келгенде «ұят» деген ұғымды бірінші орынға қояды. Ал мектеп қабырғасында жыныстық сауаттылық туралы бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанымен, ерте жүктіліктің алдын алуда септігін тигізіп жатқан жоқ.

Психологтардың сөзінше, көп отбасындағы эмоционалды байланыстың жетіспеушіліктері де себеп болуы мүмкін. Жасөспірім өтпелі кезеңде басты қолдауды үйдегі ата-анадан күтеді. Ал жанұяда жылулық көрмеген бала жылулықты сырттан іздеп, осындай қателіктерге кезігуі мүмкін.

Әлеуметтік желідегі еркін қарым-қатынас ерте жастағы жүктілікті тудырушы негізгі факторлардың бірі. Виртуалды өмірде қолайлы әлем қалыптастырған қыздар жігіттердің арбауына ерте түсіп, кейін содан опық жеп жатады. Ал ғаламтор бетін ашсаңыз, бұл бағытта ашылған түрлі сайттарды көресіз.

Не жасалды?

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау бағытында бірнеше бағдарламалық шаралар мен жобалар жүзеге асырды. Бұл бастамалар негізінен жастардың жыныстық сауаттылығын арттыруға, ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған. Соның бірі «Жастардың репродуктивті денсаулығы – 2025» бағдарламасы. Бағдарлама нәтижесінде 70-тен астам мектеп пен колледжде пилоттық жыныстық сауаттылық сабақтары өткізілген.

Сондай-ақ, жастарға денсаулық туралы анонимді кеңес беру бағытында 2025 жылы киберқауіпсіздік мамандарымен бірге «SafeNet» ақпараттық платформасын іске қосты.

«Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК деректері бойынша соңғы 6 жылда жасөспірімдер (15-тен 18 жасқа дейінгі) арасындағы босану саны 20%-ға азайып, 1 445-ке жетті. Сонымен қатар жасөспірім қыздар арасындағы түсік жасау көрсеткіші 23%-ға төмендеп, 1 000 қызға шаққанда 459-дан 355-ке азайды.

2025 жылдың 9 айында 15-18 жас аралығындағы босану саны 2024 жылдың 9 айымен салыстырғанда 11%-ға азайып, 1 116-дан 993-ке дейін төмендеді, ал түсік жасау жағдайлары 6%-ға азайып, 259-дан 243-ке дейін кеміді.

Әлем не дейді?

БҰҰ және ДДСҰ 2025 жылы жариялаған баяндамасында жыныстық сауаттылықты: адам құқығының, спихологиялық әл-ауқат пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі бөлігі» деп атап өтті. Және мектеп бағдарламаларына жан-жақты жыныстық білім енгізуге шақырды.

Германия, Финляндия елдерінде жыныстық сауаттылықты 6-7 жастан бастап оқытады. Нәтижесінде бұл елдерде жүктілік пен жыныстық жолмен жұғатын аурулар деңгейі ең төмен нәтижені көрсетеді. Оңтүстік Корея мен Жапония биылдан бастап әлеуметтік желілер арқылы жыныстық сауаттылықты үйретуге ден қойды. Ал көршілес елдер Өзбекстан мен Қырғызстанда да мектептер мен колледждерде жыныстық сауаттылық бойынша жастар арасында тренингтер өткізілуде.

Не істеу керек?

Ерте жастағы жүктіліктің алдын алу үшін бірнеше маманнан кеңес сұрап көрдік. Мектеп психологы Кенже Мұса жасөспірімдерге жанұяда көп көңіл бөлінуі қажеттігін айтады.

Отбасындағы жақсы байланыс бұл мәселенің алдын алады. Себебі ата-ана мейірімі, ашық диалог, қызығушылық таныту сынды әрекеттер жасөспірімнің бойына жауапкершілік, сенім, арқа сүйеу сынды қабілеттерді ұялатады. Себебі дәл осы жасөспірім шақта ең үлкен мәселе – ұят пен қорқыныштың араласуы. Егер ата-ана дәл осы кезеңде баламен ашық сұқбаттаспаса, ол ашық ақпаратқа сеніп кетеді, – деді ол.

Сондай-ақ ұстаз бен мектеп психологтары да бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы тиіс екенін алға тартады.

Мектеп мұғалімі оқушылармен ресми жиналыс өткізіп емес, еркін, бейресми құрбы секілді сырласа алуы керек. Кейде оқушы ата-анаға айта алмаған дүниені құрбысына, ұстазына бөлісуі мүмкін. Ал ондай ашықтық болуы үшін ұстаз да оның сеніміне кіре алуы керек, – деп есептейді психолог.

Жоғары санаттағы гинеколог дәрігер Алтынай Сағатқызы ана қыздарына етеккір циклі келген уақыттан бастап босану, жүктілік туралы ақпарат беруді бастау керек дейді.

Органдар толық қалыптаспағандықтан, ерте жастағы босану аномалияға алып келуі мүмкін. Ал балада жүрек аурулары, дұрыс дамымауға қауіп тууы мүмкін. Сондай-ақ қазір жасөспірімдер арасында жыныстық қатынас арқылы берілетін микроплазма, гарднерелла, хламидиоз сынды инфекциялар жиі кездесіп, ол кейін балалы болу мүмкіндігінен айырылуға дейін әкеліп жатады. Сондықтан етеккір циклі қалай пайда болды, сол уақыттан бастап ана қыздарымен ашық диалог құруды бастау керек, – деп кеңес береді гинеколог дәрігер.

Қазір ақпарат айдынында «ерте жүкті болған», «жақынынан босанған» деген ақпараттар желдей есіп жүр. Ертеде «қызға қырық үйден тыйым» деп, ерте жастан қыздарымызды тәрбиелеуге тырысқанымызбен, бүгін жаңа заманның ағыны оларды өзімен еріксіз ертіп барады. Тәрбие әр шаңырақтан басталады. Сондықтан ескінің сара жолын тағы бір саралау керек, сірә. Бұл қоғамдағы әрбір азаматты алаңдататын мәселе болуы тиіс.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: