Ғалымдар майлылығы жоғары тағамдар бес күн ішінде адамның жадын айтарлықтай әлсіретіп, есте сақтау қабілетінің жұмысын бұзатынын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зерттеу барысында тышқандарға төрт күн бойы майлылығы жоғары, фастфудқа ұқсас тағам берілген. Яғни төрт күн бойы бургер, картоп фри мен пиццаға тең тағамдар.
Ғалымдар гиппокамптағы CCK интернейрондары деп аталатын жасушалар тобының қалай әрекет ететінін бақылаған. Бұл жасушалар есте сақтау сигналдарының үйлесімділігін реттейтін маңызды нейрондар.
Біз диета мен метаболизмнің ми саулығына әсер ететінін білдік, бірақ майлы тағамның бар болғаны бірнеше күн ішінде осындай нақты және осал нейрондар тобына әсер ететіні біз үшін күтпеген жайт болды, – деді Солтүстік Каролина университетінің медицина мектебінің профессоры, PhD дәрежелі Хуан Сонг.
Нәтижесінде, осы CCK-жасушалар шамадан тыс белсенді болып, ми сигналдарының тепе-теңдігі бұзылған. Бұл гиппокамптың ақпаратты қабылдау мен қайта еске түсіру қабілетін әлсіреткен.
Неліктен зиянды тағам жадқа әсер етеді?
Майлылығы жоғары тағам гиппокамптың химиялық құрамын тез өзгертеді. Нәтижесінде интернейрондар шамадан тыс қозып, нейрондар арасындағы байланыс әлсірейді. Басқаша айтқанда, зиянды тағам мидың «ішкі үйлесімін» бұзады. Сондықтан ақпаратты есте сақтау мен қайта жаңғырту қиындайды.
Тышқандарда бұл өзгерістер төрт күн ішінде байқалған. Олар бұрын оңай орындайтын лабиринт пен танысу тапсырмаларын орындай алмай қалған.
Зерттеу жануарларда жүргізілгенімен, адамдарға қатысты нәтижелер де ұқсас. Көп мөлшерде өңделген және майлы тағам тұтынатын адамдардың басы жиі «тұманданып», есте сақтау мен зейін қою қабілеті төмендейтіні байқалады.
Гиппокамп жасы мен жынысына қарамастан, барлық адамдарда сезімтал аймақтардың бірі. Демек, демалыс күнгі «читмилдер» (яғни, зиянды тағам жейтін күндер) мидың жұмысына сіз ойлағаннан да көбірек әсер етуі мүмкін.
Ғалымдардың қорытындысы
Майлылығы жоғары, өңделген тағам гиппокамптағы нейрондық белсенділікті шамадан тыс арттырып, «ақпараттық шудың» көбеюіне әкеледі. Соның салдарынан адамда ұсақ детальдарды есте сақтау, назар шоғырландыру және ойды анық жеткізу қиындайды.
Бұл зерттеу тамақтанудың ми саулығына қаншалықты тез әсер ететінін және ерте араласу (мысалы, уақытша ашығу немесе дәрі-дәрмек қолдану) есте сақтау қабілетін қорғауға қалай көмектесетінін көрсетті, — дейді профессор Хуан Сонг.
Оның айтуынша, мұндай зерттеулер семіздік пен метаболизмдік аурулармен байланысты деменция мен Альцгеймер ауруының алдын алуға бағытталған кешенді тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ми мен жадты қорғау жолдары
Мамандар есте сақтау қабілетін сақтау үшін келесі қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді:
- Миға пайдалы тағам тұтыныңыз: көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар, ақуызға бай және пайдалы майы бар өнімдерді (лосось, авокадо, жаңғақ) таңдаңыз.
- Көбірек су ішіңіз: жеңіл сусыздану да зейінділікті төмендетеді.
- Жақсы ұйықтаңыз: ұйқы кезінде гиппокамп есте сақтауды күшейтеді.
- Қимылдаңыз: физикалық белсенділік миға қан айналымын жақсартып, нейротрансмиттерлердің тепе-теңдігін сақтайды.
- Зиянды тағамды шектеңіз: тіпті қысқа мерзімді артық тұтыну да жадқа кері әсерін тигізеді.
Айта кетейік, ғалымдар күніне 15 грамм ет жеуге кеңес берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!