Сыр өңіріне Германия елінен медицина ғылымдарының докторы, балалар невропатологы, эпилептолог маман Герлинда Зельцер, SES эксперт бағдарламасы аясында келді.
Ол емханаға тіркелген балаларды қарауда дәрігерлерге нұсқаулық, тәжірибе алмасу дәрістерін өткіздi. Одан соң өзара әріптестік негізінде Талсуат балаларды оңалту орталығындағы емдеушi дәрігерлерге дәріс оқып, қалалық орталық емханасының невропатолог дәрігерi Жанар Дәуітбаевамен бірге қабылдау жүргізіп, одан бөлек Қызылорда медициналық жоғары колледжінiң соңғы курс студенттері мен тәлімгерлерiне дәріс оқып, тәжірибе алмасты.
Жұмыс сапары одан әрі Жаңақорған ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығында жалғасты. Орталықта балалардың психикалық дамуындағы кедергілер мен тірек-қимыл аппаратындағы бұзылыстар бойынша орталық дәрігерлеріне және ата-аналарға жүйелі түрде көрсетілетін қызмет бойынша сапалы кеңес беріп, емделуші балаларды көрген шетел маманы орталықтағы емделушілердiң оңалуына барлық жағдайдың жасалғандығы жайында жасырмай айтты.
Өз кезегінде аймақтың бас дәрігері Олжас Ысқақов шетелдік маманды арнайы қабылдап, алғысын бiлдiрдi. Сонымен қатар балалар денсаулығына қатысты күрделі сұрақтар мен мәселелердi талқылады. Одан соң Олжас Ермекұлы ана мен бала денсаулығы Мемлекет басшысынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жіті қадағалауында және басты назарында екенін жеткізе отырып, өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Соның бірі жуырда Жаңақорған ауданында ашылған жаңа «Qamqorlyk» балалар оңалту орталығын атап өттi.
Кездесуде шетел дәрігері де өз таңданысын жасырмады. Ол өз сөзінде аймақта кездескен барлық дәрігерлердiң бiлiктiлiгi, яғни Еуропа мамандарымен тең дәрежеде екенін айтқан Герлинда Зельцер облыстың денсаулық сақтау саласының басшылығына ризашылығын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!