Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев МӘМС-тің жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болғанына қарамастан, өзекті мәселелер көп екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Не «приписка» тоқтаған жоқ. Оның ішінде марқұмдарды да тіркеп жіберді. 3-4 айлық балалардың да тісін емдедік деп қор ақша алып отырғанын көріп отырмыз. Былтыр Президент тапсырған медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы айтқан «жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін» бастамасы да жүзеге асқан жоқ. Осы МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргі жұмыс де істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып ем аларын білмейді», – деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Осы тұста Нартай Сәрсенғалиев ұсыныс тастады.
«Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз», – деді ол.
Мәжілісмен міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде мың адам жұмыс істейтінін, олардың бір жылдық жалақы қоры 11 млрд теңге екенін баса айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!