Қатерлі ісікті ерте анықтау мен тиімді емдеу – ядролық медицинаның басты миссиясы. Радиоизотоптар көмегімен ағзадағы өзгерістерді молекулалық деңгейде зерттейтін бұл сала бүгінде Қазақстанда белсенді дамып келеді. ҚР ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығының аға дәрігері, жоғары санатты онколог әрі ядролық медицина маманы PhD докторы, медицина ғылымдарының қауымдастырылған профессоры Қуантқан Талғатұлы Жабагин BAQ.KZ тілшісіне осы бағыттың ерекшелігі мен болашағы жайлы айтып берді.
– Қуантқан Талғатұлы, алдымен «ядролық медицина» ұғымынан бастасақ. Ядролық медицина дегеніміз не және оның басқа диагностикалық әдістерден басты айырмашылығы неде?
– Ядролық медицина – өте жоғары технологияларға негізделген медицина саласы. Адам ағзасындағы онкологиялық, кардиологиялық, неврологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін радиоактивті изотоптарды қолданады. Оның ерекшелігі – ағзаның құрылымымен қатар, оның молекулярлық деңгейде қалай жұмыс істейтінін зерттейді. Мысалы, компьютерлі немесе магнитті-резонансты томография анатомиялық өзгерістерді анықтаса, ядролық медицина функционалдық және биохимиялық өзгерістерді, жасуша мен тіндердің метаболизмін көрсетеді. Бұл ауруларды, әсіресе онкологияны, клиникалық белгілер пайда болмай тұрып ерте анықтауға мүмкіндік береді.
– Ядролық медицинаның рак ауруларын тек диагностикалауда ғана емес, емдеудегі мүмкіндіктері қандай?
– Ядролық медицинада «тераностика» деген ұғым бар – терапия және диагностика деген сөздердің қосындысы, яғни түрлі ауруларды анықтауда да, сол ауруларды емдеуде де қолданылады. Радиоизотоптар ісік жасушаларына дәл бағытталып, оларды іштен сәулелендіру арқылы жояды. Сау тіндерге зияны жоқ, жанама әсері аз. Мысалы, радиоактивті йод-131 тиреотоксикоз бен қалқанша безі ісігін емдеуде және кейінгі диагностикада қолданылады, тиреотоксикозбен сырқаттанған науқастар емнің нәтижесінде науқас гормонды препараттардан толық арылып, жазылып шығады. Лютеций-177 ПСМА қуықасты безінің емге көнбеген жағдайларында, Лютеций-177 ДОТА нейроэндокринді ісіктерді емдеуде тиімді. Самарий-153 оксабифор мен стронций-89 сүйек метастаздарының ауырсынуын басады. Радий-223 қуықасты безі ісігінің сүйек метастазын, иттрий-90 бауыр ісіктерін емдеуде қолданылады. Самарий оксабиформен емдеу Қазақстанда тек ҚР ПІБ МО Ауруханасының Ядролық медицина орталығында жүргізіледі.
– ПЭТ/КТ зерттеулері онкологияда нақты қандай жағдайларда тиімді? Бұл әдіс ауруды ерте анықтауға қалай көмектеседі?
– ПЭТ/КТ – екі түрлі технологияны біріктіретін тиімді диагностикалық әдіс. КТ ағза құрылымын, ал ПЭТ жасушалардың метаболизмін көрсетеді. Бұл әдіс қатерлі ісікті ерте анықтау, таралуын нақтылау, метастаздарды табу, ем тиімділігін бақылау және аурудың қайталануын анықтауда қолданылады. Мысалы, фтордезоксиглюкоза қолданылатын ПЭТ/КТ қатерлі жасушалардың глюкозаны белсенді тұтынуына негізделген. Осылайша, басқа әдістермен көрінбейтін өте ұсақ ісік ошақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
– ПЭТ/КТ тексеруін тек ауруға күдіктенген кезде ғана жүргізу керек пе, әлде оны алдын ала тексеру немесе скрининг ретінде қолдануға бола ма?
– Жалпы ПЭТ/КТ диагностикасы көбіне нақты клиникалық көрсеткіштер болғанда жасалады. Яғни дәрігер науқаста қатерлі ісікке күмәнданса немесе бұрыннан белгілі ісікті бақылау керек болса. Алдын ала тексеруде қолдану үшін дәрігердің тікелеу тағайындауы қажет болады немесе науқас өз еркімен чекап бағдарламасы аясында өткісі келген жағдайда жасалуы мүмкін. Жалпыға бірдей жаппай скрининг құралы ретінде қолданудың қажеті жоқ. Бұл тексерулер онколог, кардиолог, нейрохирург дәрігерлері белгілі бір ауруларға күдіктенген кезде жасалғаны абзал.
– ПЭТ/КТ зерттеулерін аурудың ерте кезеңінде жүргізу қаншалықты маңызды және бұл пациенттің өмір сүру ұзақтығына нақты әсер ете ме?
– ПЭТ/КТ зерттеулерін ерте кезеңде жүргізу науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Себебі ісік ерте анықталса, оны емдеу әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болады. Көп жағдайда бірінші және екінші сатыдағы қатерлі ісіктер толық емделеді. ПЭТ/КТ артық емнің, қажетсіз химия мен операцияның алдын алады, емдеу тактикасын дәл жоспарлауға және рецидивті болдырмауға көмектеседі. Қатерлі ісік диагнозы қойылғанда, ем басталар алдында, ем барысында және соңында ПЭТ/КТ жасау өте тиімді, себебі емді өзгертуге, қосымша ем тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл науқастың толық жазылуына септігін тигізеді. ПЭТ/КТ-ны тек емнің соңында қолдану дұрыс емес. Өйткені науқасқа ешқандай пайда бермейді, салыстырмалы түрде тиімсіз болады.
– ҚР ПІБ МО ауруханасы жанындағы Ядролық медицина орталығы туралы айтып берсеңіз. Қашан ашылды және қандай міндеттер атқарады?
– 2015 жылы Ауруханамызда ядролық медицина бөлімі ашылып, алғашқы радиоизотопты тексерулер басталды. 2022 жылы ҚР ПІБ МО Ауруханасының құрамында жаңа корпус ашылды. Бұл еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі, халықаралық стандарттарға сай жабдықталған ядролық медицина мекемесі. Мұнда 10 радиоизотоп диагностикада, 1 препарат емдеуде қолданылады. Орталықта 2 ПЭТ/КТ, 2 ОФЭКТ/КТ аппараты және циклотронды-өндірістік кешен бар, радиофармпрепараттар өндіріледі. Бұл еліміздегі GMP, JCI сертификаттары бар жалғыз орталық. Мамандар даярлау мен ғылыми әлеуеті жоғары. 2025 жылы ядролық медицина мамандығы бойынша резидентура ашылып, алғашқы 7 резидент оқытылуда. Орталық еліміздегі ядролық медицина саласында ғылыми, технологиялық және кадрлық координацияны жүзеге асырады. Мұнда 4 ғылым докторы, 2 профессор және 10-нан астам магистр жұмыс істейді. Жылына 12 мыңнан астам науқасқа радиофармацевтикалық препараттармен ПЭТ/КТ және ОФЭКТ/КТ зерттеулері жүргізіледі.
– Ядролық медицина орталығы шығаратын радиофарм препараттарының қолжетімділігі қандай?
– Орталық өзінің жеке циклотронды кешені мен радиохимиялық зертханасына ие. Бұл бізге радиофармпрепараттарды күн сайын өндіріп отыруға, диагностика мен емді кідіріссіз жүргізуге, басқа аймақтарға да препарат жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір біздің фтордезоксиглюкоза негізіндегі препараттарымыз елордамыздағы бірқатар жетекші медициналық мекемесіне де жеткізіліп жатыр. Ол өз кезегінде басқа орталықтарда циклотронды кешен істен шығып қалған жағдайда, онкологиялық науқастарға тексерілулер үздіксіз жүргізу мақсатында жасалады. Бұл – Қазақстанда ядролық медицинаның дамуына үлкен үлес қосатын нақты қадам.
– Ядролық медицина жайлы дәрігерлер мен пациенттер арасында жиі кездесетін қате түсініктер немесе шектеулер қандай?
– Халық арасында радиофобия әлі бар, бірақ ол біртіндеп жойылады деп есептеймін. Онкологиялық дәрігерлермен жиі түсіндіру жүргізіп, конференция мен шеберлік сыныптарында ақпарат береміз, себебі олар – науқастармен тікелей байланысатын мамандар. Онкологтардың дұрыс ақпараттануы маңызды. Кейбір пациенттер «радиоактивті зат ағзаға зиян келтіреді» деп қорқады. Бірақ біз қолданатын радиофармпрепараттардың дозасы өте төмен және ағзадан бірнеше сағаттан бір тәулік ішінде толықтай шығып кетеді. Бұл қауіпсіз әрі тиімді әдіс. Кей дәрігерлер оны тек кеш кезеңде ұсынады, алайда ПЭТ/КТ – ең алдымен ерте диагностика құралы. Тағы бір қате пікір – бұл әдіс тек онкологияға арналған деген түсінік. Ядролық медицина кардиология, неврология, эндокринология және басқа салаларда да кең қолданылады.
– Неліктен дәл ядролық медицина мен онкология саласын таңдадыңыз?
– Мен онкология саласына университетті аяқтай салысымен келдім, 15 жылдан астам еңбек тәжірибем бар, осы күнге дейін 30 мыңнан астам науқаспен жұмыс істедім. Мамандық таңдауда мен адам өміріне нақты әсер етіп, жоғары технологияны қолданатын, үнемі дамитын саланы қаладым. Онкология – ең күрделі, бірақ ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада әрбір ерте қойылған диагноз бір өмірді сақтап қалады. Ал ядролық медицина – дәлдік, ғылым және технология тоғысқан ерекше сала. Жаңа мүмкіндіктер арқылы пациенттердің өмірін ұзартып, сапасын жақсартуға үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе.
– Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту үшін қандай басты қадамдар қажет деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте, кадрлық әлеуетті арттыру қажет. Ядролық медицина арнайы білім мен тәжірибені талап етеді, сондықтан мамандарды шетелде және отандық орталықтарда жүйелі даярлау маңызды. Екіншіден, аймақтарда ядролық медицина орталықтарын ашу керек, қазіргі таңда мұндай қызмет тек Астана, Алматы мен Семейде ғана қолжетімді. Жақын арада Ауруханамызда заманауи тераностика орталығы ашылады деп күтілуде. Үшіншіден, отандық радиофармпрепарат өндірісін дамыту қажет. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ем мен диагностиканың қолжетімділігін арттырады. Соңғысы – мемлекеттік қолдау, себебі ядролық медицина ұлттық қауіпсіздік пен денсаулық сақтау жүйесінің бір бөлігі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!