Эхинококкоз – адамның жасы мен жынысын таңдамайтын паразиттік аурулардың ішіндегі ең қатерлі әрі созылмалы аурулардың бірі. Эхинококк жұмыртқаларын тасымалдаушылар – иесіз ит-мысықтар, үй жануарлары, кеміргіштер және жәндіктер болып табылады. Ауру қоздырғыштары жануарлардан топырақ, су, өсімдіктер, мал өнімдері арқылы адамға және басқа ауылшаруашылық малдарына жұғады, қарапайым санитариялық-гигиеналық қағидаларды сақтамау ауруға шалдығу қаупін арттырады. Бұдан бөлек, еттен жасалған өнімдерді дайындау технологиясының сақталмауы, әсіресе гигиеналық ережелерді орындамай, термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген, шала пісірілген кәуаптарда болуы мүмкін микроорганизмдер осы ауруға әкеп соқтыруы ықтимал. Осы орайда ет өнімдерін үй жағдайында және қоғамдық тамақтану орындарында әзірлеу барысында барлық қауіпсіздік шараларының орындалуы аса маңызды екенін ескертеміз.
Облыс бойынша 2024 жылы эхинококкозға шалдығудың 20 жағдайы тіркелді, бұл аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 40%-ға төмен. Жалпы тіркелген 20 науқастың арасында ауыл тұрғындарының үлесі – 14, қала тұрғындарының үлесі – 6. Ағымдағы жылдың 2 айында эхинококоздың 1 дерегі тіркелді.
Науқастанғандардың барлығы медициналық көмекке жүгіну кезінде анықталған. Эхинококкоздың ауру ошағында ветеринария мамандарымен бірігіп, толық эпизоотологиялық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, қарым-қатынастағылар анықталып, ошақта індетке қарсы алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Аурудың белгілері эхинококк құрттарының орналасуына байланысты өрбиді. Бауырды зақымдаған кезде терінің сарғаюы пайда болады, оң жақ қабырға астының ауырсынуы байқалады, бауыр ұлғаяды. Паразит өкпеге түскен кезде ентігу, қан түкіру, кеуденің ауырсынуы, жөтел пайда болады.
Эхинококкозды емдеу тек хирургиялық әдіспен жүзеге асырылады. Емдеуден кейін эхинококкозға шалдыққан науқастар диспансерлік есепке алынады.
Эхинококкозды ерте анықтау мақсатында ветеринариялық сала қызметкерлері, ет комбинаттары мен мал сою пункттерінің жұмысшылары, мал өсірушілер, аңшылар, ит өсірушілер және олардың отбасы мүшелері жыл сайын эхинококкозға зертханалық тексеруден өтіп отыруы қажет.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эхинококкоз ауруын жұқтырып алмас үшін бірнеше ережелерді сақтауға кеңес береді:
- қарапайым жеке бас гигиенасын орындау;
- қаңғыбас ит-мысықтарға жақындамау, үй жануары бар болса, жүйелі түрде ветеринарлық клиникаға тексертіп отыру;
- көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында мұқият жуу;
- сүт-етті тек термиялық өңдеуден өткізіп барып пайдалану;
- асүйді шыбын-шіркейден таза ұстау. Мысалы, терезелерге қорғаныш тор бекіту, дайын тағамдардың бетін жауып қою;
- балық және ет тағамдарын әзірлеу қағидаларын сақтау;
- үй жануарларына күтім жасағанда қолғап, арнайы жұмыс киімін кию;
- аурудың белгілері байқалған болса, өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігер көмегіне жүгіну.
Гүлмира Сыздықова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!