Күн жылынған сайын дүкен сөрелеріндегі салқын сулардың саудасы өтімді болады. Бүгінде ішетін судың түр-түрі бар. Түрлі жемістерден жасалған шырындардан бастап, энергетикалық сусындар толып тұр. Бірақ шырынды сусындарға қарағанда энергетикалық сусынның адам ағзасына қаншалықты пайдалы немесе зиянды екенін білеміз бе?
Энергетикалық сусындардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Бұл сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, жүргізушілер мен түнгі клубтарға нағыз құтқарушы болды. Бір сөзбен айтқанда, шаршаса да өзін сергек сезінуі керек адамдарға арналады-мыс.
Артықшылығы қандай?
Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Олардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады.
Сусынның бұл түрі дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады, бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді.
Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталады, ал энергетикалық сусынның әсері – 3-4 сағатқа дейін. Оған қоса көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді, бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді. Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Бұл да оның кофеден бір артықшылығы.
Кемшіліктері көп-ақ…
Мұндай сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Негізі энергетикалық сусындар Франция, Дания, Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады екен.
Бұл сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді.
Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар кофеинге адам тез әуестенеді.
Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Ал фитнес жанкүйерлері кофеиннің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады.
Байқағанымыздай, артықшылықтарынан кемшіліктері көп. Дегенмен әр адамның өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайда ағзаңызды қорғау үшін сусынды тұтыну ережесін мұқият оқыған абзал.
Энергетикалық сусындарды ішудің өз ережесі бар
Кофеиннің бір күндік мөлшерін асырмауға тырысыңыз, яғни екі құтыдан көп ішпеңіз. Сусынның әсері тарқаған соң ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет.
Спорттық жаттығулардан кейін энергетикалық сусындар ішпеңіз, спорттық сусындар да қан қысымын көтереді. Сондай-ақ энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары ауыратын, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға тұтынуға тыйым салынады.
Кофеин қаннан 3-5 сағаттан соң шығады. Сондықтан осы уақыт аралығында энергетикалық сусындарды кофеинді (шәй, кофе) басқа сусындармен араластыруға болмайды, Әйтпесе мөлшерді асырып жіберу қаупі артады. Негізі энергетикалық сусындарды жаттығу алдында тұтынған жөн. Ал егер сіз салмақ түсіру үшін емес, жай ғана жаттығулар жасасаңыз, онда жаттығулардан кейін де ішсеңіз болады.
Сонымен қатар энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтереді, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін. Сондықтан кез келген сусынды ішкенде денсаулықты да бір сәт естен шығармаған абзал.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!