Қазіргі таңда елдегі эпидахуал күрделеніп, 1-18 қаңтар аралығында облыс орталығында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 1534 науқас анықталған. Одан бөлек қалада 12-18 жас аралығындағы 7399 жасөспірім «Комирнати» вакцинасының І компонентін, ал вакцинаны толықтай 4325 бала салдырған. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты қала мектептерінде білім беру форматы өзгерді. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймурзаева арнайы баспасөз жиынында хабарлады.
– Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №2 қаулысы қабылданып, қаулыға сәйкес эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанша қаладағы 600 оқушыға дейінгі мектептер дәстүрлі форматта оқытса, оқушы саны 600-ден жоғары мектептер қашықтан оқыту форматын жалғастырады. Ал ауылдық жерлердегі 600 оқушыдан жоғары мектептер дәстүрлі форматта білім береді. Қашықтан оқыту форматындағы мектептер әкімшілігінің шешімімен 1-2 сыныптар дәстүрлі форматта оқитын болады, – деді Динара Қонақбайқызы.
Білім бөлімінің басшысы 2021-2022 оқу жылы басталғалы 185 оқушы вакцина алса, білім беру қызметкерлерінен 406 мұғалім қайта вакциналаудан өткенін мәлімдеді.
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!